Илон Маск SpaceX пен xAI компанияларын біріктірмекші

Фото: Report

АСТАНА.KAZINFORM — Илон Масктың SpaceX ғарыш компаниясы өзінің xAI жасанды интеллект компаниясын сатып алды, деп хабарлайды ТАСС. 

— SpaceX ресми түрде xAI-ды сатып алды, — делінген компанияның баспасөз хабарламасында.

Құжатта жасанды интеллект жасау көп энергия қажет ететіні және мұны Жерде қоршаған ортаға зиян келтірмей істеу үшін ресурс жеткіліксіз екені айтылған.

Бірігу болашақ жасанды интеллект деректер орталықтарының ғарышта орналасуына мүмкіндік береді, онда олар толығымен күн энергиясымен жұмыс істей алады.

Bloomberg агенттігінің мәліметі бойынша, біріккен компания акцияларының әрқайсысы шамамен 527 долларға бағаланады, жалпы бағасы 1,25 триллион доллар.

Өткен аптада SpaceX компаниясының Tesla компаниясымен бірігуді немесе Масктың жасанды интеллект компаниясы xAI-мен балама келісімшарт жасауды қарастырып жатқаны хабарланды.

Оның жоспарына сәйкес, компания шамамен 1,5 триллион долларлық бағамен 50 миллиард долларға дейін қаражат жинай алады, бұл тарихтағы ең ірі IPO болады.

Кәсіпкер SpaceX пен xAI компанияларының бірігуі зымырандарды, спутниктік байланысты, жасанды интеллект пен ғарыштық деректерді өңдеу инфрақұрылымын біріктіретін интеграцияланған инновациялық кешен құрайды деп санайды. xAI бұрын Маскқа тиесілі X әлеуметтік платформасымен біріктірілген болатын.

Айта кетейік, америкалық миллиардер жасанды интеллект бес жыл ішінде адамның ұжымдық интеллектісінен асып түседі деп болжаған.