Имантау-Шалқар туризм аймағына сұраныс артып келеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысына өткен жылы 165 мың адам қыдырып келсе, соның алпыс мыңнан астамы Имантау-Шалқар курорттық аймағын демалуға таңдаған.

Фото: СҚО әкімдігі

Бұл өңір туристерді ең алдымен көркем табиғатымен, таза ауасымен қызықтырады. Көкпен таласқан қарағайлар, айнадай жарқыраған мөлдір көлдер, көк шөбі самал желмен тербелген жазық дала. Солтүстік Қазақстанның табиғаты - тыныштық пен сұлулықты іздеген жан үшін таптырмас мекен. Әсіресе Имантау мен Шалқар көлдерінің маңы жаз мезгілінде табиғаттың ерекше бояуына еніп, түрлене түседі. Бүгінде осы көрікті өлкенің туристік әлеуетін арттыру бағытында СҚО-да ауқымды жұмыстар қолға алынған.

Инфрақұрылым жаңарып жатыр

СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өткен жылы курорттық аймақтағы 20,6 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізіліп, бұл мақсатқа 1,8 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар демалыс орындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін 5,2 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, жеті демалыс базасы жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылды.

Фото: СҚО әкімдігі

Туристердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында Имантау және Шалқар көлдерінің жағалауында жалпы құны 110 млн теңге болатын екі заманауи модульдік құтқару бекеті орнатылды. Қазіргі таңда курорттық аймақта 35 су-құтқару бекеті жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 2025 жылы туристік полиция құрылды.

Биыл да инфрақұрылымды дамыту жалғасады. Жоспарға сәйкес, демалыс базаларына дейін қосымша 12 шақырым талшықты-оптикалық кабель тарту көзделген.

Сондай-ақ екі модульдік туристік полиция бекеті орнатылып, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі.

Курорттық аймақтағы экологиялық бағыттарды дамыту да назардан тыс қалмаған. Жалпы ұзындығы 15,3 шақырым болатын экосоқпақтарды абаттандыру жоспарланған. Бұл жұмыс аясында орындықтар, бағыттаушы белгілер, қоршаулар, қоқыс жәшіктері мен ақпараттық стендтер орнатылады.

Жаңа демалыс орындары ашылды

Былтыр Имантау көлінің жағасында 50 орындық «Феникс» демалыс базасы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Имантау-Шалқар курорттық аймағында 2026–2027 жылдарға шақталған жалпы инвестиция көлемі 3,3 млрд теңге болатын 15 жоба жүзеге асады.

Сондай-ақ кәсіпкерлер демалыс орындарын кеңейту, жаңғырту жұмысын қолға алған. Мәселен, «Жемчужина» демалыс базасында 7 қысқы үйдің құрылысы басталды, алдағы уақытта тағы 7 үй салу жоспарланған.

Жеке кәсіпкер Жанабаевтың демалыс базасында 3 коттедж бен асхана пайдалануға берілді.

«Қазығұрт» демалыс базасында кеңейту жұмыстары қолға алынған. Мұнда екі қабатты жатын корпус салынды. Сондай-ақ бір Barnhouse үлгісіндегі демалыс үйі мен үш коттедждің құрылысы жүріп жатыр.

Ал «Черная лагуна» демалыс базасында былтыр жаңғырту жұмыстары аяқталып, жалпы 36 орынға арналған 9 демалыс үйі толық модернизациядан өтті.

Сонымен қатар «Ажар» демалыс базасында кеңейту жұмыстары жүргізіліп, жалпы 30 орындық үш жаңа ағаш үйдің құрылысы аяқталды.

Туризмнің дамуы кадрге де байланысты

Өңірде туризм саласына қажет кадр даярлау мәселесіне де көңіл бөлініп жатыр. 2024 жылы Петропавлда гид-экскурсоводтарды халықаралық WFTGA әдістемесі бойынша оқыту ұйымдастырылып, 13 маман сертификат алған.

Өткен жылы өңірде қонақ үй бизнесі, туроператорлар мен гидтердің қатысуымен сервистік қызмет сапасын арттыруға арналған семинарлар өткізілді. Ал биыл гидтерді қайта даярлау жұмыстары жалғасып, бағдарламаға инклюзивті туризм бағытындағы арнайы оқыту енгізілмек.

Фото: СҚО әкімдігі

Салаға қажетті мамандарды Kozybayev University, Зейнеп жоғары көпсалалы колледжі және Гуманитарлық-техникалық колледжі даярлап жатыр. Оқу барысында студенттер туризмді ұйымдастыру, қонақжайлылық индустриясын басқару, экскурсиялық қызмет көрсету, туристерді кәсіби сүйемелдеу бағыттары бойынша білім алады. Сонымен қатар шет тілдері оқытылып, болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалған.

Туристер қай елдерден келеді?

СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірге келетін демалушылардың басым бөлігі ішкі туристердің еншісінде. Олар барлық қонақтардың шамамен 94,5% алып отыр.

Шетелдік туристер арасында өңірге Ресей, Қытай, Германия, Түркия, Беларусь, Украина, Өзбекстан және Әзербайжаннан көп келеді. Демалушылардың негізгі легі әдетте Ресей мен ТМД елдерінің азаматтары.

Сонымен қатар соңғы жылдары Үндістан, Оңтүстік Корея, Польша, АҚШ және басқа да Азия мен Еуропа елдерінің туристері тарапынан қызығушылық артып келеді.

Бұған дейін Қазақстан туризмін насихаттауға халықаралық блогерлер тартылғанын жазған едік.