— Ет және сүт өңдеу өнеркәсібін дамыту отандық шикізатты қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға және дайын өнімді шығаруға кеңінен бағытталған. Бүгін ет өңдеу саласында жылына 500 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы 200-ге жуық кәсіпорын жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта қосымша 26 мың тонна өндірістік қуатты арттыруға мүмкіндік беретін 6 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың бірі — биыл қазан айында Алматы облысында іске қосылған «Кеген Мясопром» зауыты, оның қуаттылығы тәулігіне 10 тоннаға дейін ет өңдеуге қауқарлы. Сонымен қатар тері және мал шаруашылығының жанама өнімдерін қайта өңдеу, оның ішінде желатин мен жемшөп компоненттерін өндіру бойынша жобалар пысықталып жатыр, — деді вице-министр.
Оның дерегінше, сүт өңдеу саласында жалпы қуаттылығы 2,7 млн тоннадан асатын 180-ге жуық кәсіпорын жұмыс жасайды. Олардың орташа жүктемесі 80%-ды құрайды. Отандық өндіріс есебінен ішкі нарық сүтпен және ашытылған сүт өнімдерімен 100%-ға, сары маймен 88%-ға, ірімшік пен сүзбемен 56%-ға қамтамасыз етілген.
— Сондықтан ет өңдеу қуаттарын ұлғайтумен қатар сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға және импортқа тәуелділігі сақталып отырған өнімдердің, ең алдымен ірімшік пен сүзбенің өндірісін дамыту маңызды міндет саналады, — деді Назгүл Хатепова.
Бұған дейін ірімшік пен сүзбе сияқты сүт өнімдерінің қай қалаларда арзан екенін жазған едік.