Индонезия астанасын Нусантараға көшіру 2028 жылы аяқталады
ДЖАКАРТА. KAZINFORM — Индонезия үкіметі астананы Джакартадан Нусантараға көшіру процесін 2028 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отыр, деп мәлімдеді Индонезия Президенті әкімшілігінің басшысы Мұхаммад Кодари, деп жазды AZƏRTAC.
Нусантараның саяси астана мәртебесіне толық сәйкес болуы үшін қалада заң шығарушы және сот органдарын орналастыруға арналған кешендер салынып жатыр.
– Егер тек президент резиденциясы ғана болып, заң шығарушы және сот мекемелері болмаса, үкімет тиімді жұмыс істей ала ма?, – деді әкімшілік басшысы.
Астананы көшіру туралы шешімді Индонезияның бұрынғы президенті Джоко Видодо қабылдаған болатын. Бастапқыда жаңа қаланы 2024 жылға дейін аяқтау жоспарланған, алайда COVID-19 пандемиясы жобаны жүзеге асыру мерзімін кешіктірді. Қазіргі президент Прабово Субианто бұл жобаны аяқтауға ниетті екенін растады.
Астананы көшірудің басты себебі – Джакартаның шамадан тыс тығыздығы: қалада әрбір шаршы шақырымға 15 700-ден астам адам тиесілі. Жаңа астананы салуға 32 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция қажет.
Еске сала кетейік, бұған дейін Индонезиядағы жер сілкінісінен ондаған адам зардап шеккенін жазған едік.