Индонезия Тәуелсіздігіне 80 жыл: Астанада «Ғажайып Индонезия» кеші өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Индонезия Республикасының Тәуелсіздігінің 80 жылдығына арналған «Ғажайып Индонезия» дипломатиялық-мәдени кеші өтіп жатыр. Шарада Индонезияның бай әрі алуан түрлі мәдени мұрасы таныстырылып, дәстүрлі қойылымдар мен қазақстандық өнерпаздармен бірлескен ән-би ұсынылды.
17 мың аралы бар мемлекет
Индонезияның 285 миллион халқы бар, ондағы 1331 этникалық топ 700-ден астам тілде сөйлейді. Бұл ел үлкен және кіші 17 мыңнан астам аралдардан тұрады, олар — Суматра, Ява, Бали, Нуса Тенгара аралдары танымал. 2025 жылы Бали аралына 25 мыңнан астам қазақстандық турист барған.
— 80 жылдық мерейтой тақырыбы «Біртұтас, егемен, гүлденген халық — Дамыған Индонезия» деп аталады. Бұл тақырып Индонезия халқының бірлікке, тұрақты синергияны нығайтуға жігерін және «Алтын Индонезия 2045» мақсатына жетуге ұмтылысын білдіреді. Сексен жылдағы экономикалық жетістіктерімізге 2025 жылдың үшінші тоқсанында 5%-дан жоғары тұрақты экономикалық өсім, инфляцияның бақылауда болуы, жұмыссыздық пен кедейлік деңгейінің төмендеуі кіреді, — деді Елші.
Кеш қатысушылары Индонезияның Суматра қаласында, сондай-ақ Малайзия, Тайланд және Вьетнамда жақында болған су тасқынынан зардап шеккендерді үнсіздікпен еске алды.
Елші Мохамад Фаджрул Рахман құрбан болғандар мен олардың отбасыларына көңіл айтты және оқиғадан зардап шеккендерге күш, төзімділік және тез қалпына келуін тіледі.
Қазақстан мен Индонезияның мәдени байланыстары
Астана қаласындағы Индонезия Республикасының Елшілігі екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды әрі қарай нығайтуға ұмтылады. Осылайша, бүгінгі мәдени кеш Риау провинциясынан шыққан Персембахан биімен басталды. Бұл — құрметті қонақтарға символдық тарту ұсынылатын дәстүрлі қарсы алу рәсімі. Содан кейін Джакарта өңіріне тиесілі ондел-ондел мерекелік әнінің сүйемелдеуімен орындалатын Бетави биі көрерменге жол тартты.
Ал Батыс Явада шыққан «Ваянг голек» қуыршақ театры ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасына енген. Калимантан аралынан шыққан ангклунг тоэл аспабы мен ырғақты чик-чик периук биі де әлемдік мұра тізімінде.
Сонымен бірге, мәдени кеште Суматра аралының солтүстігін мекендейтін Батак халқының құрмет пен батаны білдіретін «Тора тора хата сописик» биі биленді. Жергілікті спортшылар Индонезияның спорттық мұрасы саналатын әсерлі Пенчак Силат көрінісін қойды.
Кештің басты оқиғасы — Индонезия мен Қазақстан өнерпаздарының бірлескен биі болды. Бишілердің іс-қимылы индонезиялық сапе мен қазақтың домбырасының әуенінде үйлесім тапты.
Алматы қаласынан келген «Яссауи» тобы Индонезия мен Қазақстанның мемлекеттік әнұрандарын орындады.
Сондай-ақ дипломатиялық қабылдауда TikTok желісінде танымал болған «Табола боле» флешмобы орындалды.
Қазақстан мен Индонезияны не байланыстырады?
Сонымен бірге, бүгінгі салтанатты кеште Индонезия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 32 жылдығы атап өтілді. Индонезия мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейі өте жоғары. Екі ел арасында барлық салада ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен әлеует бар. Осыған байланысты, дипломат маңызды өзара түсіністік меморандумдары мен келісімдерге қол қоюдың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Индонезия мен Еуразиялық экономикалық одақ жақын уақытта Еркін сауда туралы келісімге қол қоюға дайын. Бұл келісім Қазақстанмен сауда көлемін айтарлықтай арттырады. 2024 жылы сауда көлемі 400 млн АҚШ долларын, ал екі жыл бұрын 700 млн АҚШ долларын құраған. Қос мемлекет инвестицияларын одан әрі ілгерілету және қорғау үшін екіжақты инвестициялық келісімді де аяқтап, қол қоюға дайын.
Қазақстан мен Индонезияның тағы бір ортақ тұсы — ел астанасын солтүстікке ауыстыру. Бұл ретте Индонезияның жаңа әрі ең үздік астанасы — Нусантара мен Астана арасында бауырлас қала мәртебесін орнату жөнінде меморандум бекітілген. Қазіргі уақытта екі қала арасында шамамен 15 бағыт бойынша ынтымақтастық жоспарланған.
— Бүгінде Нусантара қаласында құрылыс жүріп жатыр. Әзірге сіздердегі Ақорда секілді «Гаруда сарайы» салынған. Сонымен бірге, Нусантарада бірнеше министрлік ғимараттары және министрлерге арналған баспаналар тұрғызылып жатыр. 2028 жылы Индонезия үкіметі ресми түрде Нусантара қаласына көшуді жоспарлап отыр, — дейді дипломат.
Сондай-ақ, Елші Мохамад Фаджрул Рахман жоғары деңгейдегі кездесулер немесе мемлекет басшыларының ресми іс-сапарлары барысында екіжақты консультациялар, спорт, энергетика, сондай-ақ ақпараттық технологиялар және цифрлық технологиялар бойынша өзара меморандум сияқты басқа да нәтижелерге қол қоюға зор үміт артатынын жеткізді. Оған қоса, туризм, халықтар арасындағы байланыс, ғылым және мәдениет салалары бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сенім білдірді.
Еске сала кетсек, қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан көптеген адамның қайтыс болуына байланысты Индонезия Президенті Прабово Субиантоға және Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракулға көңіл айтты.
Индонезия үкіметі астананы Джакартадан Нусантараға көшіру процесін 2028 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.