Индонезия жағалауында магнитудасы 6,7 жер сілкінісі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Билік тұрғындарды ресми ескертулерге құлақ асуға және сақ болуға шақырып, қайталама дүмпулер бірнеше сағатқа созылуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Euronews.

Фото: Азертадж

Сейсенбі күні Индонезияда магнитудаcы 6,7 жер сілкінісі болды. Негізгі сілкіністен кейін бірқатар күшті афтершок болды.

Жер асты дүмпулері шамамен 400 мың тұрғыны бар Палу қаласында бір минуттан астам уақытқа созылған қатты діріл сездірді. Бұл елді мекен — Орталық Сулавеси провинциясының әкімшілік астанасы.

Жергілікті зақымданулар туралы хабарланды. Бірқатар ғимаратта жарық пайда болды, Сиги округі әкімшілік ғимаратының төбесі құлады, сондай-ақ жергілікті университет ғимараты да зақымдалды. Ауруханалар қауіпсіздік мақсатында науқастарды сыртқа шығарды.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, алғашқы жер сілкінісінің эпицентрі Палудан шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай 46 шақырым жерде, ошағы шамамен 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Ең қатты сезілген жерасты дүмпулерінің магнитудасы 5,2, 5,0 және 4,9-ға жетті. 

Индонезия бірнеше сейсмикалық жарық аймақтарында орналасқандықтан, онда жер сілкіністері мен жанартау белсенділігі жиі болады. 

2021 жылдың қаңтарында Сулавеси аралындағы Мамуджу қаласының маңында болған 6,2 балдық жер сілкінісі кем дегенде 100 адамның өмірін қиды, ал мыңдаған тұрғын жер сілкінісінің қайталануынан қорқып, бірнеше күн далада түнеді.

Осыған дейін Кубада 5,3 балдық жер сілкінісі тіркелгені хабарланды.