Индонезияда бортында 280 адамы бар паром өртеніп кетті

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Индонезияның Солтүстік Сулавеси провинциясында бортында 280-ге жуық адам болған жолаушылар паромы өртенді, деп хабарлайды Kazinform Jakarta Globe басылымына сілтеме жасап.

Солтүстік Сулавеси іздеу-құтқару агенттігінің (SAR) мәліметінше, Барселона паромындағы өрт Манадодан 60 шақырым жерде болған. Дүрбелеңге түскен адамдар құтқару үшін суға секірген. 

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, аталмыш оқиға кезінде 3 адам қаза тапқан. 150-ге жуық адам құтқарылды. Жолаушылардың толық тізімі әлі жарияланған жоқ. 

Негізінен Барселона паромы провинцияның ең көп жүк тасымалдау бағыттарының біріне қызмет көрсетеді. 

Айта кетейік, Манадо портында аман қалғандарға көмек көрсету мақсатында уақытша баспана салынды. 

Бұған дейін АҚШ-та әуеге көтерілген ұшақтың қозғалқышынан өрт шыққанын жазған едік.