Индонезияда нәресте саудасына қатысты ірі қылмыстық желі әшкереленді
АСТАНА. KAZINFORM — Индонезия полициясы 2023 жылдан бері кемінде 25 нәрестені Сингапурға сатып жіберді деген күдікпен халықаралық балалар саудасымен айналысқан қылмыстық синдикатты әшкереледі, деп хабарлайды ВВС.
Биыл апта басында ел билігі Понтианак және Тангеранг қалаларында жүргізілген арнайы операция барысында 13 күдіктіні қамауға алды. Тергеу барысында олардың бір жасқа дейінгі 6 нәрестені сатуға дайындалып жатқаны анықталған.
— Бұл балалар Понтианак қаласында ұсталған, оларға иммиграциялық құжаттар рәсімделіп жатқан, кейін Сингапурға жіберілуі тиіс болған, — деп мәлімдеді BBC агенттігіне Батыс Ява полициясының қылмыстық істер жөніндегі бөлім басшысы Сураван.
BBC Сингапур полициясына және Ішкі істер министрлігіне пікір алу үшін жүгінгенімен, әзірге жауап алынбаған.
Полиция мәліметінше, қылмыстық топ баланы асыраудан бас тартқысы келген ата-аналарды немесе болашақ аналарды алдын ала анықтап отырған. Кейбір жағдайда олармен алдымен Facebook арқылы байланыс орнатылып, кейін жеке мессенджерлерге, мысалы WhatsApp-қа көшкен.
— Кейбір нәрестені анасының құрсағында жатқан кезде-ақ «брондап» қойған. Бала дүниеге келген соң, анасына босану шығындары өтеліп, қосымша ақша төленген, кейін нәрестені алып кеткен, — деді Сураван.
Полицияның айтуынша, бұл қылмыстық топ құрамында нәресте табатын делдалдар, оларды уақытша бағатын адамдар, сондай-ақ құжаттарды қолдан жасайтын тұлғалар болған. Аналарынан алынған нәрестелер алдымен екі-үш ай бойы арнайы қамқоршылардың қарауында болған. Кейін олар Джакартаға, содан соң Понтианакқа жеткізіліп, сол жерде туу туралы куәлік, паспорт және өзге де құжаттар рәсімделген.
Тергеудің негізгі бағыты — Сингапур
Нәрестелердің әрқайсысы 11–16 миллион индонезия рупиясына (670–980 АҚШ доллары аралығында) сатылған. Қылмыстық синдикаттың кем дегенде 12 ұл және 13 қыз баланы Индонезия ішінде де, шетелге де сатқанын кейбір күдікті мойындаған. Көптеген бала Батыс Ява провинциясынан шыққан болуы мүмкін.
Полиция Сингапурға жіберілген балаларды іздестіріп, олардың нақты кімдерге берілгенін анықтауды басты міндет деп санайды.
— Біз баланың елден шыққан уақыты, оны алып жүрген адам, және асырап алушы тұлғалар туралы нақты ақпаратты анықтаймыз, — деді Батыс Ява полициясы өкілі Сураван.
Полицияның айтуынша, кейбір нәрестенің азаматтығы да өзгертілген болуы мүмкін. Тергеу барысында олардың паспорттарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Сураванның айтуынша, ата-аналар мен делдалдар арасында өзара келісім болғанымен, кейбір жағдайда ата-аналар «бала ұрланды» деп арыз жазған. Бірақ ол жағдайлардың түбі делдалдың уәде етілген төлемді бермегенінен туындаған болуы мүмкін.
Егер ата-аналардың баланы ақша үшін сатқан фактісі дәлелденсе, оларға да адам саудасы мен бала құқықтарын бұзу бойынша айып тағылуы мүмкін.
Интерполға жүгіну және халықаралық іздеу
Индонезия полициясы қылмыстық топтың шетелде жүрген мүшелерін, сондай-ақ балаларды сатып алған тұлғаларды ұстауға көмектесу үшін Интерпол мен Сингапур полициясына жүгінді.
— Біз бұл қылмыскерлерді халықаралық іздеудегі адамдар тізіміне енгіземіз. Сонымен қатар «қызыл хабарлама» жариялап, басқа елдердің құқық қорғау органдарынан оларды ұстауды сұраймыз, — деді Сураван.
Әйелдер — адам саудасы құрбандары
Индонезия балаларын қорғау комиссиясының (КЗИД) өкілі Ай Рахмаянти мәлімдегендей, мұндай қылмыстық әрекеттердің басты құрбандары – тығырыққа тірелген әйелдер.
— Бұл әйелдер жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін, кейде кездейсоқ қатынастан қалаусыз жүкті болған немесе күйеуі тастап кеткен жағдайлар кездеседі, — дейді ол.
Елде түсік тастау заңмен тыйым салынған, тек ерекше жағдайларда — мысалы, зорлықтан кейін немесе ана өміріне қауіп төнген кезде ғана рұқсат етіледі.
Бұдан бұрын Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Сенат отырысынан кейін журналистерге Индонезияның Бали аралында 49 грамм метамфетаминмен ұсталды делінген Қазақстан азаматтары туралы мәлімет берді.