Индонезияда жер сілкінісінен кейін шамамен 1600 афтершок тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — 15 тамызда Индонезияның шығысында болған соңғы төрт жылда елдегі ең жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 68 адамға жетті, тағы 200-ден астам адам жарақат алды, деп хабарлайды Al Jazeera .

Фото: report.az

Табиғи апаттарды басқару жөніндегі Ұлттық агенттіктің мәліметінше, тек Шығыс Нуса-Тенгара провинциясының Флорес аралында 1300-ден астам үй зақымданып, ал 250-ге жуық үй толығымен қираған.

Шығыс Нуса-Тенгара провинциясында зілзала салдарынан 4500-ден астам үйге зақым келген. Сондай-ақ 122 денсаулық сақтау мекемесі мен 252 мектеп бүлінген.

Шамамен 19 мың адам уақытша баспаналарға орналасуға мәжбүр болды.

Көпшілігі шатырларды паналап, жерасты дүмпулерінің қайталану қаупіне байланысты үйлеріне оралудан қорқып отыр.

Дүйсенбідегі жағдай бойынша, аймақта шамамен 1600 афтершок тіркелді.

Көшкін мен үйінділер көптеген жолды жауып тастады, ал бірнеше ауданда жедел медициналық көмек көрсету үшін далалық емханалар салынып жатыр.

Осыған дейін Индонезияда жер сілкінісінен кейін төтенше жағдай жарияланғаны хабарланды.