Индонезиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 20 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Индонезияның Флорес аралы жағалауында болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 20 адамға жетті.

Фото: Белта

Маумере қаласының іздеу-құтқару басқармасының қызметкері Фатхур Рахманның БАҚ-қа берген мәліметіне қарағанда, жер сілкінісінен 20 адам қаза тауып, алты адам жарақат алған. Тағы екі адам үйінді астында қалып отыр.

Шығыс Нуса-Тенгара провинциясының губернаторы Мелки Лака Лена Купанг қаласында өткен баспасөз мәслихатында жер сілкінісі салдарынан бірнеше ғимарат пен тұрғын үйдің зақымданғанын айтты. Кейбір жолдар көшкін салдарынан жабылған немесе бұғатталған.

Оның айтуынша, билік өкілдері қирау ауқымын толық бағалау үшін деректер жинауды жалғастырып жатыр.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан ғимараттардың бір бөлігі опырылып, үрейленген тұрғындардың көшеге жүгіріп шыққанын көруге болады.

Жер сілкінісінен кейін провинцияға қатынайтын бірнеше рейс тоқтатылды.

Денпасардағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы консулдық округінде жүрген Қытай азаматтарын, әсіресе Лабуан-Баджодағы туристерді барынша сақ болуға, жергілікті биліктің жер сілкінісі мен табиғи апаттар туралы ескертулерін бақылауға үндеді. Сондай-ақ афтершоктар мен цунами қаупіне байланысты сақтық шараларын сақтап, жағалау аймақтарынан алыс болуға кеңес берді.

Жер сілкінісі сенбі күні таңертең ерте болған. Оның ошағы Нагекео аймағындағы Мбай қаласының маңында орналасқан. Кейін цунами қаупі жарияланып, оны кейіннен Метеорология, климатология және геофизика агенттігі жойды.

Агенттік тұрғындарды ықтимал афтершоктарға байланысты сақ болуға үндеді.

Құтқару топтары зардап шеккен аудандардағы құрбандар саны мен келтірілген залал көлемін анықтауды жалғастырып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Индонезия жағалауында магнитудасы 7,7 болатын қуатты жер сілкінісі тіркелгенін хабарлағанбыз.