Индонезиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 47 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Индонезияның шығысында болған магнитудасы 7,7 балдық күшті жер сілкінісінен кемінде 47 адам қаза тапты, деп хабарлайды Reuters .

Фото: Reuters

Индонезияның Табиғи апаттарға қарсы күрес ұлттық агенттігінің мәліметінше, жер асты дүмпулері тұрғын үйлердің, мектептердің, медициналық мекемелер мен мемлекеттік ғимараттардың қирауына әкелген. 150-ден астам үй зақымданды.

Флорес аралындағы Маумере қаласында 20 адам қаза тапты. Кейбір тұрғындардың үйінді астында қалғаны хабарланды.

Ең көп зардап шеккен аудандарда іздеу-құтқару жұмыстарына көшкіндер, бүлінген жолдар және байланыстың үзілуі кедергі келтіріп отыр. Табиғи апат салдарынан кемінде 2 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Жер сілкінісінен кейін биіктігі бір метрден аспайтын шағын цунами толқындары тіркелді. Билік цунами қаупіне байланысты ескерту жариялағанымен, шамамен үш сағаттан кейін оның күші жойылды.

Зардап шеккен аудандарда іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Кейбір елді мекендерге жетудің қиындығына байланысты қирау ауқымын бағалау жұмыстары әлі де жүргізілуде.

Еске салайық, Индонезия жағалауында магнитудасы 7,7 балдық жер сілкінісі болған еді.