Оның сөзінше, макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн.
— Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады. Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады. Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат — халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет. Инфляцияны, бейнелеп айтқанда, азаматтарымыздың әл-ауқатына күн сайын нұқсан келтіріп отырған үнсіз жау деуге болады, — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, ол бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдегенін атап өтті. Дегенмен, инфляция деңгейі әлі де жоғары.
— Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл — аса маңызды міндет. Үкімет бюджет және салық саясатын барынша байыпты жүргізуі керек. Сондай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет, — деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін Президент цифрлық экономиканы қалыптастыру шаралары жөнінде мәлімдеген еді.