Инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Жекелеген зерттеулерді қаржыландырудан жаңа білім мен технологияларды жасау және енгізудің толық тізбегін қалыптастыруға көшуіміз қажет. Бұл туралы Құрылтай отырысында ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына қатысты Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебінен кейін депутат Дархан Ахмедиев мәлім етті.

Фото: Үкімет

- Бүгін еліміздің технологиялық болашағына тікелей әсер ететін мәселені қарастырып отырмыз. Ол ғылымға бөлінетін қаражаттың білімге, технологияларға және өндірістік шешімдерге қаншалықты тиімді айналып жатқанына қатысты. Мемлекет басшысы ғылыми зерттеулердің практикалық қайтарымын арттыру және ғылым мен өндірістің байланысын нығайту міндетіне тұрақты түрде аса назар аударып келеді. Бұл міндетті орындау үшін бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын және ғалымдардың сапалы жұмыс істеуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етуіміз керек. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы аудит қорытындыларын егжей-тегжейлі баяндады, - деді Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы, депутат Дархан Ахмедиев.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда елеулі ғылыми әлеует қалыптасқан. Ғылыми қызметпен 425 ұйым айналысады. Оларда шамамен 27 мың адам, соның ішінде 23 мыңға жуық зерттеуші ғалым жұмыс істейді. Соңғы жылдары мемлекет ғылымды қаржыландыруды ұлғайту, ғылыми зерттеулерді қолдау тетіктерін жетілдіру және отандық ғылыми әлеуетті дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдап келеді.

Осы орайда депутат өз сөзінде Комитеттің тұжырымдары мен ұсыныстарына тоқталды.

- Сонымен қатар алдымызда ауқымды міндет тұр. Жекелеген зерттеулерді қаржыландырудан жаңа білім мен технологияларды жасау және енгізудің толық тізбегін қалыптастыруға көшуіміз қажет. Бұл тізбек ғылыми идеядан басталып, нақты өнімге және оның өндірісте қолданылуына дейін жалғасуы тиіс. Осы тұрғыдан Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудит қорытындылары ерекше маңызды. Ұсынылған есеп ғылымды басқару жүйесінің қазіргі жағдайын, бөлінген қаражаттың тиімділігін кешенді бағалауға және саланы жетілдіру бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді, - деді Дархан Ахмедиев.

Ғылыми басымдықтар елдің нақты міндеттерін ескеруі тиіс

- Қолданбалы зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер бойынша жобаның қандай мәселені шешетінін, оның нәтижесі кімге қажет екенін және қайда қолданылатынын нақты түсінуіміз керек. Ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастыру тәртібін салалық министрліктердің, кәсіпорындардың және ғылыми қауымдастықтың қатысуымен жетілдіруді ұсынамыз. Ол үшін Үкімет ғылым мен бизнестің бірлескен жұмыс тетіктерін айқындауы қажет. Соның ішінде тараптардың міндеттемелері, зияткерлік меншікті пайдалану шарттары және кәсіпорындардың енгізуге қатысуы нақтылануы тиіс. Нәтижесінде, еңбек өнімділігін арттыратын, өзіндік құнды төмендететін, ресурстарды үнемдейтін және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін шешімдер алынуы керек, - деді депутат.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2025 жылы инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі 11,9 пайызды құрады. Шамамен 31,5 мың кәсіпорынның
3 761-і инновациялық қызметпен айналысқан. Бұл көрсеткіш бизнестің инновациялық белсенділігін одан әрі арттыруға елеулі мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

- Өңірлердің қатысуы да ерекше маңызды. Жергілікті атқарушы органдарға аумақтарды дамыту міндеттерін ескере отырып, зерттеулерді қаржыландыруды қарастыруды ұсынамыз. Тиісті тетіктер бар, министрлік әкімдіктерге тұрақты түрде әдістемелік көмек көрсетіп келеді. Осындай әрбір қолданбалы жобаның негізделген міндеті, нәтижесін пайдалануға мүдделі тарапы және оны қолдануды бағалау тетігі болуы тиіс, - деп түсіндірді ол.

Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылымға арналған қаржылай аударымы

Депутаттың пайымынща, жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдарын пайдаланудың тиімді тетігін қамтамасыз ету қажет.

- Сөз өндіру шығындарының бір пайызы мөлшеріндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған міндетті аударымдар туралы болып отыр. Бұл қаражат өнеркәсіп пен ел экономикасына қажетті зерттеулер мен технологияларды қолдауға бағытталуы тиіс. Қарауға ұсынылған материалдардағы Қаржы министрлігінің деректеріне қарағанда, биылғы тоғыз айда 4,5 миллиард теңге түскен. Сонымен қатар тиісті жұмыстарды қаржыландыруды бастауға қатысты мәселелер бар екені көрсетілген. Демек, қаражатты жобаларға жеткізуден бастап, нақты нәтиже алуға дейінгі толық тетікті қамтамасыз ету қажет. Үкіметке осы аударымдарды пайдалану тәртібін жетілдіруді ұсынамыз. Бұл ретте қаражатты бөлек есепке алу және жобаларды ашық конкурстық іріктеу көзделуі тиіс. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қаржы министрлігі дәл осы бағытты уақтылы қаржыландыруға және мониторингтеуге жауапты оператор ұйымды айқындауы қажет. Операторды таңдау кезінде қолданыстағы ұйымдардың мүмкіндіктерін, әкімшілендіру құнын бағалап, функциялардың қайталануына жол бермеу керек, - деді Д. Ахмедиев.

Құрылтайдың жалпы отырысында салалық министрліктердің үйлесімді жұмысын және әрбір кезеңде бекітілген өкілеттіктердің келісілген түрде іске асырылуын қамтамасыз ету қажет екені айтылды. Бұл технологиялық сұранысты қалыптастырудан бастап, нәтижені растауға дейінгі барлық кезеңді қамтуы тиіс. Басым бағыттар ретінде өндіру мен өңдеу тиімділігін арттыру, ресурстарды үнемдеу, өнеркәсіптік қауіпсіздік, экология және өндірістік үдерістерді цифрландыру қарастырылуы керек. Негізгі өлшем мынадай: қаражат зерттеулерге уақтылы жетіп, олардың нәтижелері іс жүзінде қолданылуы тиіс.

Айта кетейік, жер қойнауын пайдаланушылар былтыр ғылыми зерттеуге 8,9 млрд теңге бағыттады.

Жоғары аудиторлық палатаның есебінде ғылымға бизнес тарапынан сұраныс жеткіліксіз екені атап өтілді.