Ғылымға бизнес тарапынан сұраныс жеткіліксіз — Жоғары аудиторлық палата

АСТАНА. KAZINFORM — Ғылымның экономикадағы үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 0,16 пайызды ғана құрайды. Бұл туралы Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

Қорғаныс министрлігінің бюджеті тексеріледі: Жоғары аудиторлық палата аудит бастады
Фото: Жоғары аудиторлық палата

— Мемлекет басшысы елдің технологиялық егемендігі және бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде ғылымның дамуына ерекше мән береді. Конституцияда да адам капиталын, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде белгіленген. Бұл ғылымды басқару жүйесіне және оның түпкілікті нәтижесіне қойылатын талаптарды арттырады. Соңғы жылдары бұл салада маңызды шаралар қабылданды. Ғылымды қаржыландыру едәуір ұлғайып, жоғары ғылыми ұйым ретінде Ұлттық ғылым академиясы қайта құрылды. Жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жас ғалымдарға қолдау көрсетіліп жатыр. 2025 жылы жүргізілген аудиттің қорытындысы бойынша Үкіметке 8 ұсыным, ал аудит объектілеріне 88 тапсырма берілді. Оның жартысынан астамы бүгінде орындалды, — деді палата төрағасы.

Оның дерегінше, Ғылым қоры арқылы тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді гранттық қаржыландыру заңнамалық түрде қарастырылды. Министрліктің ғылыми зерттеулерге арналған сатып алу қағидаларын бекіту жөніндегі құзыреті бекітілді. Аккредиттеу және ғылыми сараптама рәсімдері, сондай-ақ апелляцияларды қарау тәртібі реттелді. Ғылыми нәтижелерді енгізуді растаудың бірыңғай нысаны және коммерцияландыру жобалары бойынша жоспарлы сату көрсеткіштерін айқындау әдістемесі бекітілді.

— Өкінішке қарай, 2026 жылғы аудит нәтижелері қабылданған шараларға қарамастан, ғылымды басқаруда бірқатар жүйелі проблеманың сақталып отырғанын көрсетті. Қаржыландыру көлемі ұлғайғанымен, тиісті технологиялық нәтижелер салыстырмалы түрде көрініс таппай отыр. 2022-2025 жылдары ғылымға жұмсалған қаражат 122-ден 262 миллиард теңгеге дейін өсті. Алайда ғылымның экономикадағы үлесі төмен болып, жалпы ішкі өнімге шаққанда 1%-тің орнына нақты 0,16%-ті құрады. Қаржыландыру негізінен бюджетпен қамтамасыз етіледі. Оның үлесі 55%-тен 82%-ке дейін ұлғайды. Бұл ғылымның мемлекетке тәуелді екенін және бизнес тарапынан сұраныстың жеткіліксіздігін көрсетеді. Сонымен бірге, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелердің үлесі 13%-тен 5%-ке дейін төмендеді, — деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, Құрылтай отырысында ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына қатысты Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебі тыңдалып, бірқатар заң жобасы талқыға салынады.