Instagram-да көптен күткен функция пайда болды

АСТАНА. KAZINFORM — Instagram әлеуметтік желісі жарияланған Stories жазбаларына 15 минут ішінде өзгеріс енгізуге мүмкіндік беретін жаңа функцияны іске қосты.

Фото: petapixel.com

Енді жарияланған Stories жазбаларындағы мәтінді, музыканы, стикерлер мен суреттерді 15 минут ішінде өңдеуге болады. Бұл ретте қаралым саны, лүпілдер мен жауаптар сақталады.

Бұл туралы Instagram платформасының басшысы Адам Моссери әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. 

Жарияланған Stories жазбасын өңдеу үшін экранның төменгі оң жақ бұрышындағы «Тағы» батырмасын басып, «Stories-ті өңдеу» тармағын таңдау қажет. Содан кейін қажетті өзгерістерді енгізіп, сақтауға болады.

Бұған дейін Stories жазбасын өшіріп, қайта жариялаған кезде қаралым, лүпіл және жауап саны сақталмайтын. Сонымен қатар бірнеше Stories қатарынан жарияланса, олардың бастапқы реті өзгеретін.

— Көптеген пайдаланушы бұл функцияны көптен бері сұрап келеді. Сондықтан оны іске қосқанымызға қуаныштымын, — деді Моссери.

Stories функциясын өңдеу мүмкіндігінен бөлек, Instagram бұл бөлімдегі өзге де құралдарын жаңартып жатыр. Атап айтқанда, жаңа қаріптер, стикерлердің түрлі түстері мен пішіндері қосылады. Оларды пайдаланушылар оңай табуы үшін жеке топтарға топтастырады.
Сондай-ақ бірнеше фотосуретті таңдау тетігі жетілдіріліп, фонды безендірудің жаңа үлгілері ұсынылады. Олардың ішінде бұлыңғырлау әсері, түрлі түстер мен градиенттер бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Meta компаниясы Instagram қолданушыларының жасын жасанды интеллект көмегімен анықтау технологиясын бүкіл әлемде кеңейтетінін жариялаған болатын.