Meta Instagram қолданушыларының нақты жасын анықтау үшін ЖИ қолданады

АСТАНА. KAZINFORM – Meta компаниясы Instagram қолданушыларының жасын жасанды интеллект көмегімен анықтау технологиясын бүкіл әлемде кеңейтетінін жариялады. Жаңа жүйе миллиондаған жасөспірімді қосымша қорғау шараларымен қамтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Anadolu агенттігіне.

Meta Instagram қолданушыларының нақты жасын анықтау үшін ЖИ қолданады
Фото: Kazinform

Компанияның мәліметінше, технология тіркелу кезінде кәмелетке толғанын көрсететін туған күнін жазғанына қарамастан, жасөспірім қолданушыларды анықтай алады.

Жүйе жасөспірім деп таныған аккаунттар автоматты түрде қосымша шектеулері бар Teen Accounts арнайы режиміне ауыстырылады.

Атап айтқанда, мұндай аккаунттарда бейтаныс адамдармен байланысуға, белгілі бір контентті көруге және әлеуметтік желіде өткізетін уақытқа шектеулер қойылады.

Meta Facebook әлеуметтік желісінде де жасты анықтау технологиясын енгізуді жалғастырып жатыр. Компания жыл соңына дейін Threads платформасында да осындай жүйені бүкіл әлем бойынша іске қосуды жоспарлап отыр.

Қауіпсіздік шараларын кеңейту Meta компаниясының АҚШ-тың 52 штаты, аумағы мен Колумбия округінің бас прокурорларымен жасасқан келісіміне байланысты. Құжат кәмелетке толмаған қолданушыларды, соның ішінде 13 жасқа толмаған балаларды анықтау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Қараша айында АҚШ-тағы жасөспірімдердің ата-аналары Instagram-нан қолданыстағы қорғаныс шаралары және тіркелу кезінде шынайы жасты көрсету қажеттігі туралы хабарлама ала бастайды.

Сонымен қатар Аустралияда Meta Apple ұсынатын қолданушылардың жас санаттары туралы ақпаратты қосымша тексеру құралы ретінде пайдалана бастады.

Компания TikTok пен YouTube платформаларын да кәмелетке толмағандарды қорғаудың осындай тетіктерін енгізуге шақырды.

Хабарламада айтылғандай, тамызда жарияланған келісім аясында Meta жас қолданушыларға арналған қосымша шектеулер енгізуге міндеттеме алған. Олардың қатарында әлеуметтік желіні күнделікті пайдалану уақытына лимит қою, түнгі уақытта қолдануды шектеу, мектеп сабақтары кезінде хабарламаларды өшіру және ата-аналық бақылау мүмкіндіктерін кеңейту бар.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Нью-Мексико штатының соты Meta Platforms компаниясын Facebook қолданушыларына жеке деректерді қорғау мәселесінде жаңылыстырғаны үшін 25 млрд доллар төлеуге міндеттеген еді.