АҚШ соты Meta компаниясын 25 млрд доллар төлеуге міндеттеді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Нью-Мексико штатының соты Facebook пайдаланушыларын жеке деректерін қорғау мәселесінде жаңылыстырғаны үшін Meta Platforms компаниясын 25 млрд доллар төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Reuters.
Мұндай шешімді алқабилер компанияны тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы штат заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі деп танығаннан кейін судья Фрэнсис Мэтью шығарды.
Бастапқыда судья өндіріп алынатын соманы 219 млрд доллардан астам деп бағалаған. Алайда кейін бұл соманы 25 млрд долларға дейін қысқартты.
Іс Facebook әлеуметтік желісінің 87 миллионға дейінгі пайдаланушысының жеке деректеріне олардың келісімінсіз қол жеткізген британдық Cambridge Analytica консалтингтік компаниясына қатысты даумен байланысты. Бұл ақпарат сайлаушылардың қалауын талдау және 2016 жылы Дональд Трамптың президенттік науқаны кезінде саяси жарнаманы мақсатты түрде тарату үшін пайдаланылған.
Meta компаниясына қарсы талап арызды Нью-Мексико штатының бас прокуроры 2021 жылы берген. Штат билігі компанияны үшінші тұлғалардың пайдаланушылардың жеке деректеріне қол жеткізу мүмкіндігі және мазмұнды бақылау саясаты туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат берді деп айыптады.
2026 жылғы қыркүйекте алқабилер компания мен оның басшылығының 29 мәлімдемесінің 26-сын жаңылыстыратын ақпарат деп таныды. Жалпы алғанда, штаттың тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзудың 43 миллионнан астам жағдайы анықталды.
Нью-Мексико штатының бас прокуроры Рауль Торрес сот шешімі АҚШ тарихында жекелеген штат деңгейінде Meta компаниясынан өндіріп алынған ең ірі сомалардың бірі болғанын мәлімдеді.
Нью-Мексико заңнамасына сәйкес, өндіріп алынған қаражат штаттың мектеп жүйесін қаржыландыруға бағытталуға тиіс.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, сарапшылар істі апелляциялық сатыда қарау ұзаққа созылады деп күтеді. Бұған дейін Meta мұндай көлемдегі өндіріп алу компанияның конституциялық құқықтарын бұзуы мүмкін екенін айтып, айыппұл мөлшерін 3,45 млрд доллармен шектеуді сұраған.
2019 жылы АҚШ Федералдық сауда комиссиясы Cambridge Analytica төңірегіндегі осы дауға байланысты Facebook компаниясына 5 млрд доллар айыппұл салған.
Еске салайық, биыл тамызда Meta компаниясы жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге тәуелділігіне қатысты маңызды сот ісін аяқтау және 47 штат берген талап арыздарды реттеу мақсатында 17 млрд доллар төлеуге әрі Facebook пен Instagram қызметтерінде балаларды қорғаудың қосымша шараларын енгізуге келіскен болатын.