Қорғаныс министрі соңғы уақыттары әскерге шақыру науқаны кезінде көз көру қабілеті төмен түлектердің көбейгенін тілге тиек етті.
«Интерактивті тақталарға қатысты сұрағым бар. Қарулы күштерге шақыру кезінде көру қабілеті төмен жастар көп келеді. Мектепте оқушылардың көру қабілетіне әсер етпеу үшін интерактивті тақталардың сапасы артуы тиіс», - деді ол Білім министрі Ерлан Сағадиевке қаратып айтқан сөзінде.
Өз кезегінде ҚР БҒМ басшысы интерактивті тақталар «E-learning» бағдарламасы аясында орнатылғанын атап өтті. Қазіргі уақытта басқа балама жолы табылды.
«Олар өте қымбат тұрады және соншалықты тиімді емес. Біз биыл 11 мың видео-үштік сатып аламыз. Ол компьютер, проектор және экраннан тұрады. Компьютер мектептегі сервер ретінде қолданылады. Проектор мен экран интерактивті тақталарды алмастырады. Бұл шешім көзге қауіпсіз әрі біршама арзан», - деп жауап берді Сағадиев.
Аталмыш видео-үштік биылдан бастап сатып алынады және бірінші интернетке шығу мүмкіндігі жоқ шалғай жатқан ауылдар мен аудандардың мектептеріне орнатылады.
2018 жылы бұл жиынтықтың тағы 12 000 данасы сатып алынбақ. Ауылдық мектептерді әлемдік тәжірибеге сәйкес, ең үздік бейнесабақтармен қамтамасыз ету мақсаты қойылған. Бүгінгі таңда балаларға арналған үш тілде 50 мыңға тарта бейнесабақ өткізіледі.