Интернет іздеп 5 шақырым жүреміз: Түркістан облысында тұрғындар жылдар бойы шешілмеген мәселеге шағымданды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Арыс қаласы Дермене ауылдық округіне қарасты Саналы ауылының тұрғындары интернет байланысының жоқтығына алаңдап отыр. Айтуларынша, бұл мәселе әсіресе мектеп оқушыларына қиындық туғызып отыр.

Фото: видеодан алынғын скрин

Тұрғындардың сөзінше, ауылда ұялы байланыс пен интернет тұрақсыз. Үйдің ішінде ғана емес, аула мен көшеде де байланыс ұстау қиын. Интернетке қосылу үшін жергілікті тұрғындар бес шақырым қашықтықтағы көрші ауылға баруға мәжбүр.

— Сөйлесе алмаймыз, үйдің ішінде байланыс мүлдем жоқ. Есік алдында да ұстамайды. Байланыс іздеп, көше кезіп кетеміз. Осылай болғанына қаншама жыл болды. Интернеттің болмауы білім алушыларға да кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе онлайн тестілеу мен емтихан кезінде оқушылар қажетті платформаларға дер кезінде кіре алмай, қиындыққа тап болады. Қалаға барып, ақылы курстарға қатысуға мәжбүр. Оған бәрінің бірдей жағдайы жете бермейді. Былтыр интернет мәселесінің кесірінен бірқатар түлек гранттан қағылып, қазір ақылы бөлімде оқып жүр, — дейді ауыл биі Алтынбек Есмаханов.

Аталған мәселеге қатысты Арыс қаласының әкімдігі Саналы, Дермене және Шағыр елдімекендерінде интернет сапасын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Әкімдік мәліметінше, аталған ауылдарға жаңа базалық станциялар орнатылып, тұрғындарды жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамту жоспарланған.

— Бұл мәселе жыл басында Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ауыл тұрғындарымен кездесуінде көтерілген. Тұрғындар елдімекендердегі интернет жылдамдығының төмен екенін айтып, байланысты жақсартуды сұраған. Осыдан кейін тиісті зерделеу жұмыстары жүргізіліп, мәселені шешу жолдары қарастырылды. Нәтижесінде Арыс қаласының әкімдігі, Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен мобильді байланыс операторлары арасында келіссөздер жүргізіліп, үш елдімекенге базалық станциялар орнату туралы шешім қабылданды, — делінген Арыс қаласы әкімдігінің жауабында.

Қазіргі уақытта базалық станцияларды «KCELL» АҚ орнатып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынған. Жоспарға сәйкес, жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Осыдан кейін Саналы, Дермене және Шағыр ауылдарында мобильді интернет сапасын жақсарту көзделіп отыр.

Бұған дейін Түркістан облысындағы 32 елдімекеннің мобильді интернетпен қамтылмағанын хабарлаған едік. Бұл елдімекендерде 4,5 мыңнан астам адам тұрады