Интернеті жоқ елді мекендегілер онлайн ауыл шаруашылығы санағына қалай қатысады

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ертеңнен бастап ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, бау-бақша егіп, үйде мал ұстайтын шаруалар ұлттық санақты бастайды.

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шәуенова мәлім етті. 

— 1 тамыз күні сағат 00:00–де sanaq.gov.kz сайтындағы сауалнаманы толтыру мүмкіндігі бар. Ол үшін eGovMobile қосымшасынан ЭЦҚ, СМС немесе QR-код арқылы авторизация жасау қажет. Тіркеу кезінде растау коды көрсетілген электрондық поштаға немесе телефонға жіберіледі. Бюро қызметкерлері телефон шалу арқылы хабарласпайды және ешқашан төрт таңбалы кодты сұрамайды, — деді Әсел Шәуенова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, sanaq.gov.kz сайтында сауалнаманың екі нұсқасы бар, бірі — ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін, екіншісі — бау-бақша немесе мал ұстайтын үй шаруашылығы иелеріне арналған.

— Сауалнама сұрақтары жерді пайдалану, техниканың болуы, малды күтіп-баптау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу, сондай-ақ еңбек жағдайына қатысты болмақ, — дейді ол.

Одан бөлек, санаққа қатысушылар үшін сайтта кеңес ұсынылған, сауалнаманы толтырудың егжей-тегжейі бейне нұсқаулықпен түсіндірілген. Сондай-ақ SANAQ мырза чат-боты жұмыс істейді. 

— Егер ауылда респонденттің компьютері немесе интернеті болмаса, әкімдіктердегі, аудандық статистика бөлімдегі өз-өзіне қызмет көрсету орталығына жүгіну мүмкіндігі қарастырылған. Ел аумағында барлығы 2 684 орын қамтамасыз етілді, — деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары. 

Еске салайық, ертең елімізде ауыл шаруашылығы санағы басталады.