Интернеттегі «инвестиция»: ІІМ күмәнді жобаларға ақша салмауға шақырды

АСТАНА.KAZINFORM — Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және интернетте ұсынылатын күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмауға шақырады.

Коллаж: Kazinform / ИИ

Алаяқтар көбіне өзін брокер, инвестициялық компанияның қызметкері немесе қаржы маманы ретінде таныстырады. Олар «жоғары табыс», «кепілді пайда», «тәуекелсіз инвестиция» деп уәде береді.

Әдетте, алдымен аз мөлшерде ақша салуды сұрайды. Арнайы жалған сайт немесе қосымша арқылы ақшаңыз көбейіп жатқандай көрсетеді. Осыдан кейін «тағы ақша салыңыз», «комиссия төлеңіз», «шотыңызды ашу үшін қаражат қажет» деген сылтаулармен қосымша ақша талап етеді.

Ал ақшаны қайтарып алғыңыз келген кезде сайт жұмыс істемей қалады, аккаунт бұғатталады немесе «кеңесші» байланысқа шықпай қояды. Нәтижесінде адам өз қаражатынан айырылуы мүмкін.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін:

  • «100% кепілденген жоғары табыс» деген уәдеге сенбеңіз;
  • қысқа уақытта ақшаңызды бірнеше есе көбейтуді ұсынатындарға сақ болыңыз;
  • сізді асықтырып, бірден ақша салуға көндіретін адамдарға сенбеңіз;
  • бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша ақша аудармаңыз;
  • банк картасының деректерін, CVV кодын және SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпаңыз;
  • күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз қосымшаларды жүктемеңіз.

ІІМ инвестиция салмас бұрын ұсыныстың заңдылығын және компания туралы ақпаратты мұқият тексеруге, күмәнді ұсыныстарға ақша аудармауға үндеді.

Бұған дейін ІІМ қаржы қызметкерлеріне жаңа алаяқтық схемасы туралы ескерткен болатын.