Интернеттің үш айға өшетіні рас па: мамандар түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде 17 қарашадан бастап интернет үш айға жаппай өшіріледі деген ақпарат тарады. Төтенше жағдайлар министрлігі мен Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы бұл қауесетке қатысты түсінік берді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Мұндай жазбалардың авторлары жаппай хакерлік шабуылдар жасалып, банк жүйелері бұзылуы мүмкін екенін, соның салдарынан шоттардағы ақша жоғалуы ықтимал екенін ескертеді. Осыған байланысты тұрғындарға азық-түлік, ауызсу және қолма-қол ақша жинап қоюға кеңес берген.

Төтенше жағдайлар министрлігі мұндай қауіп туралы ешқандай ескерту таратпағанын мәлімдеді.

Ал Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы әртүрлі деңгейдегі киберқауіптер үнемі болатынын атап өтті. Алайда 17 қарашада интернет өшіріледі деген ақпарат ресми дереккөздер арқылы расталмаған.

— Біздіңше, бұл — әлеуметтік желілерде іліп әкетіп, кеңінен таратып жіберген кезекті конспирологиялық хабарлама, — дейді мамандар.

Орталық мамандары интернет, серверлік инфрақұрылым, байланыс және банк жүйелері бір ғана «тетіктен» басқарылатын ортақ жүйе емес екенін түсіндірді. Олардың әрқайсысы көптеген операторлар мен ұйымдардың желісіне бөлінген.

Сондықтан бір жүйеде ақау пайда болуы немесе оған шабуыл жасалуы қалған жүйелердің бәрі автоматты түрде істен шығады дегенді білдірмейді. Жекелеген ауқымды немесе уақытша шектеулер болуы мүмкін. Алайда барлық жүйенің бір мезетте толық өшуі — өте күрделі әрі ықтималдығы төмен сценарий.

Мамандардың айтуынша, мұндай ақпараттық арандатулар әлеуметтік желілерде қаралым жинау үшін таратылуы мүмкін. Кей жағдайда оның мақсаты — халық арасында дүрбелең туғызу немесе қолданушыларды алаяқтық схемаларға тарту.

Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы өкілдері осындай ақпаратты белгісіз авторлардың жазбаларына сеніп қабылдамай, тиісті мемлекеттік органдардың, компаниялар мен басқа да ұйымдардың ресми арналары арқылы тексеруге кеңес береді. Әсіресе, жазба көп қаралым мен пікір жинаған жағдайда да ақпараттың рас-өтірігін анықтаған жөн.

Еске салайық, бұған дейін Мәскеуде үш күн бойы мобильді интернет шектелуі мүмкін екенін хабарлағанбыз.