Интерпол желісімен қазақстандық 190 қылмыскер іздеуде жүр - ІІМ

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда интерпол желісімен қазақстандық 190 қылмыскер іздестірілуде. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Демеуов мәлім етті.

«Оның ішінде 179 қылмыскер «қызыл бюллетень» бойынша, яғни қамауға алу мен экстрадициялауды қарастырады. Ал интерполдың «көк бюллетені» бойынша, яғни тұрып жатқан немесе орналасқан жерін айқындауға қатысты іздестірілген адамдар 18-ді құрайды. Сонымен қатар, «сары бюллетень» яғни із-түзсіз жоғалғандар да бар», - дейді М. Демеуов.

Жалпы министрлік мәліметіне сүйенсек, ТМД шеңберінде соңғы үш жылда Қазақстанның 502 қылмыскері құрықталған. Соның ішіндегі 300-ге тарта қылмыскер, яғни ұсталғандардың 70 пайызы Ресейде құрыққа түсті.