Малайзияның Пенанг штатынан келген Ишуан Лоу — 19 жастағы студент, болашақ ЖИ саласының маманы. Ол халықаралық деңгейдегі ЖИ жарысына алғаш рет қатысып отырғанын айтады.
— Астанада өтіп жатқан олимпиадаға наурыз айынан бастап дайындалдық. Бұл үшін арнайы оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Командаластарыммен бірге дәріс тыңдадық және зертханалық жұмыстарды атқардық. Жасанды интеллектіге қатысты тұжырымдамаларды меңгердік. Жиған біліміміз бен тәжірибемізді осы сайыс барысында қолданамыз, — дейді Ишуан.
Сонымен бірге, IOAI-2026 үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
— Бұл олимпиаданың маңызы зор деп ойлаймын. Себебі, дүние жүзіндегі қатарластарымызбен танысып, тәжірибе алмасамыз. Байланыс орнатқан соң, болашақта бірлесіп жұмыс істеуіміз де мүмкін, — дейді ол.
Малайзиялық өрен Қазақстан қатты ұнағанын айтады.
— Бұл елдің халқы өте мейірімді, қаланың ғимараттары заманауи, тағамдары дәмді екен. Қазақстан мен Малайзия технологиялық бағытта дамып келе жатыр. Қос ел де ЖИ саласына аса мән беріп, заманауи технологияларды өркендетуде, — деп түйіндеді ол.
Ал Португалиядан келген Мартин Кармело 17 жаста. Мектепте бірнеше жылдан бері бағдардамауды және Python тілін оқып, бұл салаға көп уақыттан бері машықтанып жүр.
— Меніңше, Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының маңызы орасан. Өйткені, тәжірибең артады. Адам ретінде де, маман ретінде де өсесің. Бұл — өз қабілетіңді дәлелдеуге мүмкіндік беретін алаң. Болашақта ЖИ мен бизнес секторларын байланыстырып, үлкен компания құруды армандаймын, — дейді ол.
Сонымен бірге, португалиялық оқушы Қазақстанға келгеннен кейінгі әсерін айтып берді.
— Халықтың бәрі жанашыр, мейірімді секілді көрінеді. Жергілікті тағамдарды жеп көрдім, дәмді екен. Жалпы, осы олимпиадаға жиналған әртүрлі елдердің жастарымен әңгімелестім. Өзім адамдармен араласқанды жақсы көремін. Бәрі ұнап жатыр, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін IOAI-2026 ЖИ олимпиадасына 106 елдің командасы жиналғанын жазғанбыз.