Иордания королі елдің басты мәселелеріне назар аударды

АСТАНА. KAZINFORM — Иордания королі ІІ Абдалла тақта сөйлеген сөзінде Карактағы теракт пен аймақтағы күрделі жағдайды сөз етті.

Фото: Хашимит Корольдігі сарайы

Дүйсенбі күні Иордания королі ІІ Абдалла Амманда Ұлттық жиналыстың 20-шақырылымдағы үшінші кезекті сессиясының ашылуында халыққа үндеу жолдады. Монарх терроризм қаупі мен Израильдің экспансиялық саясаты туралы ескертіп, стратегиялық экономикалық және су жобаларын іске асыруды жеделдетуді талап етті.

ІІ Абдалла ең алдымен 23 қазанда Карак қаласында адам өліміне әкелген терактіге тоқталды. Король экстремистерге қатаң тойтарыс берілетінін айтып, елдің қауіпсіздігі мен бірлігіне нұқсан келтіруге жол берілмейтінін атап өтті.

Монарх қарулы күштер мен қауіпсіздік органдарын қолдайтынын білдіріп, қаза тапқандардың рухына құрмет көрсетті.

ІІ Абдалла сөзінің басым бөлігін аймақтағы ахуал мен Палестина мәселесіне арнады. Оның айтуынша, палестиналықтардың заңды құқығы қамтамасыз етілмейінше, Таяу Шығыста қауіпсіздік пен тұрақтылық орнату мүмкін емес.

Бұдан бөлек король Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыстың әлі де жалғасып жатқанын, сондай-ақ Израильдің Иордан өзенінің Батыс жағалауы мен Иерусалимдегі әрекеттерін атап өтті.

— Израильдің басқыншылық саясаты өңірдің болашағына және елдің ертеңгі күнге деген сеніміне зор қатер төндіреді, — деді ІІ Абдалла.

Сондай-ақ монарх Палестина мәселесіне қатысты Иорданияның ұстанымы өзгермейтінін және жалпы араб мүддесін қорғауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Ел ішіндегі мәселелерге тоқталған ол парламент пен үкімет қабылдайтын шешімдерде азаматтардың мүддесін басты назарда ұстауды талап етті.

Оның айтуынша, қоғам депутаттардың қызметіне қабылдаған заңдарына ғана емес, мінез-құлқына, жария мәлімдемелеріне және қоғамдық мүддені қорғау қабілетіне де қарап баға береді.

Сонымен қатар король экономиканы жаңғырту бағдарламасы бойынша қолға алынған ірі жобаларды жеделдетуді тапсырды. Оның сөзінше, бұл бастамалар ұлттық экономиканы нығайтып, тұрақтылығын арттырады әрі Иорданияның өңірдегі ықпалын күшейтеді.

ІІ Абдалла су қауіпсіздігін мемлекеттік егемендіктің басты шарттарының бірі деп атап, бұл мәселеге ерекше назар аударды.

— Су, су және тағы да су! Су қауіпсіздігі — ұлттық егемендігіміздің басты тірегі. Иордания халқының суға қол жеткізу құқығы қандай да бір себеппен шектелуіне ешқашан жол бермейміз, — деді монарх.

Ол үкіметке су жеткізу жобаларын жалғастырып, су ресурстарын қорғау және келер ұрпаққа сақтау үшін алдын алу шараларын әзірлеуді тапсырды.

Король қорытындылай келе, мемлекеттік тәртіп пен заң үстемдігіне де тоқталып, лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалануға болмайтынын ескертті.

— Заң алдында адамның аты да, лауазымы да, ықпалы да ескерілмейді, — деп атап өтті ІІ Абдалла.

Сөзінің соңында монарх азаматтардың өз пікірін еркін білдіруіне және қоғамдық талқылауға қатысуына құқығы бар екенін растады. Сондай-ақ өңірлік сын-қатерлерге қарамастан, ұлттық бірлікті сақтауға үндеді.

Иордания королі парламенттің жаңа сессиясы ашылғанда дәстүрлі үндеу жариялайды. Онда ел саясатының негізгі бағыттары мен заң шығарушы және атқарушы биліктің алдағы жұмыс басымдықтары белгіленеді.

Бұған дейін Иордания королі Карактағы шабуылға қатаң жауап беретінін мәлімдегенін жазған едік.