Иордания королі Карактағы шабуылға қатаң жауап беретінін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Иордания королі Карак провинциясында жерлеу рәсіміне қатысушыларға жасалған қарулы шабуылдан алты адам қаза тапқаннан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иордания королі Қарақтағы шабуылға қатаң жауап беретінін мәлімдеді
Фото: x.com / @RHCJO

Иордания королі II Абдалла 23 қазан, жұма күні Карак провинциясындағы шабуылды террористік акт деп атап, кінәлілерге қатысты ең қатаң шаралар қолданатынын мәлімдеді.

Монарх тиісті мәлімдемені X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

— Каракта жасалған террористік актіге ең қатаң шаралармен жауап береміз. Сатқындықпен атылған оқ иорданиялықтардың бірлігін бұзады деп үміттенгендер біздің табандылығымыз бен ауызбіршілігімізге тап болып, қателескенін түсінді, — деді король.

II Абдалла Иорданияның барлық тұрғыны қай өңірде тұратынына қарамастан, ортақ тағдыр мен ел қауіпсіздігі үшін жауапкершілік біріктіретінін атап өтті.

— Елдің солтүстігінен оңтүстігіне дейінгі барлық иорданиялықтың туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен ұстанымы ортақ. Қаза тапқандардың отбасына қайғыра көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіреміз. Әрбір иорданиялықтың өмірі қымбат. Елімізге қол сұғуға батылы барғандарға қарсы темірдей қатал әрекет етеміз, — деп атап өтті монарх.

Осы уақытта Иордания премьер-министрі Джафар Хасан Карак провинциясының әкімшілігі ғимаратында тиісті министрлер мен құзырлы ведомстволар басшыларының қатысуымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді.

Жиында күштік құрылымдардың шабуылға қатысты әрекеттері, мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру және тергеу барысы қаралды.

Үкіметтің ресми хабарламасында да бұл оқиға террористік қылмыс ретінде сипатталған.

Иорданияның Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ресми мәліметінше, Карак провинциясында жерлеу рәсіміне қатысушыларға белгісіз қарулы адамдар шабуыл жасап, алты адам қаза тапқан. Тағы 28 адам жарақат алған.

Ведомство тергеу жалғасып жатқанын және оның нәтижелері туралы тексерілген ақпарат түскен сайын хабарланатынын мәлімдеді.

Шабуыл 23 қазанда Иорданияның оңтүстігіндегі Карак провинциясының Хаммуд ауылында шіркеу маңында болған. Қазіргі уақытта шабуыл жасағандардың кім екені және қылмыстың себептері ресми түрде анықталған жоқ.