Иорданиялық шенеуніктің Тегеранға 20 жылдағы алғашқы ресми сапары
Иорданияның сыртқы істер министрі жексенбі күні Тегеранда Иран президенті Масуд Пезешкианмен, осы елдің сыртқы істер министрі және басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездесті. Айман Сафадидің сапары ирандық әріптесінің шақыруымен өтті.
Корольдіктің Сыртқы істер министрлігі жасаған мәлімдемеге қарағанда, Сафади Иран президенті Пезешкианға Иордания Королі II Абдалланың өңірдегі жағдай мен екіжақты қарым-қатынасқа қатысты үндеуін жеткізді. Бұған жауап ретінде Пезешкиан ІІ Абдаллаға өзінің сәлемін жеткізіп, Иорданиямен әртүрлі деңгейде қарым-қатынасты нығайтуға ниет білдірді.
Иордания Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, кездесуде өңірдегі қауіпті шиеленіс пен ХАМАС-тың саяси жетекшісі Исмаил Ханияның өлімінің салдары талқыланды. Бұл тұрғыда Иордания жағы И. Ханияны өлтіру әрекетін сұмпайы қылмыс екенін айтып, осы жағдайды халықаралық құқықты бұзу деп айыптады.
Иран бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, кездесу кезінде Масуд Пезешкиан Ханияның өлтіру - израильдік режимнің үлкен қателігі болғанын және бұл оқиға жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Иордания жағы Бейрутке қарсы агрессияны да айыптап, оны Ливанның егемендігіне қатер төндіру мен халықаралық құқықты бұзу деп атады.
Бұдан бөлек, Иран Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әли Багери Қанимен кездесуде екіжақты қарым-қатынас пен өңірлік мәселелер де талқыланды.
Бұл кездесуден кейін Сафади Иран телеарнасына берген сұхбатында шиеленісті тоқтату және өңірді соғыстан қорғауға қатысты пікір білдірді. Оның пайымынша, бұл тұрғыда «Израильдің Газа секторындағы агрессиясын, сондай-ақ Израильдің адам құқығы мен халықаралық құқықты бұзуы әрекетін дереу тоқтатудан» басталуы керек.
Айман Сафади кейінгі 20 жылдан астам уақыт ішінде Иранға ресми сапармен барған иорданиялық бірінші жоғары лауазымды шенеунік болды. Егер Иран жауап қайтарса, Израильмен шекаралас тұрған Иордания бұл қақтығыстың салдарына тап болуы мүмкін.
Соғыс болуы мүмкін бе?
Таяу Шығыстағы шиеленіс Израиль әскери әуе күштерінің Бейрутке жасаған соққысынан ливандық «Хезболла» тобының жоғары лауазымды әскери жетекшісі Фуад Шукрдің өлімінен кейін, сондай-ақ ХАМАС қозғалысы саяси бюросының басшысы Исмаил Ханияның қазасынан соң ушыға түсті.
Бұл ретте, ХАМАС пен Иран жағы Израильді Ханияны өлтірді деп айыптап, кек алуға уәде берді. ХАМАС саяси бюросы басшысының өліміне қатысты Израиль ресми түрде мәлімдеме жасамады.
Кейінгі кезде өңірдегі ауқымды соғыс қаупі арта түсті. Ерекше шиеленіс Израильмен шекаралас Ливанда байқалды. Бейрут әуежайының терминалдарына көптеген жолаушы жиналғаны хабарланды.
Сенбі күні АҚШ пен Ұлыбритания елшіліктері өз азаматтарына Ливаннан кетуге кеңес берді, ал Франция жексенбі күні таңертең бұл ұсыныстарға қосылып, үндеу жасады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Израильдің Бейрутке жасаған соққысынан төрт адам қаза тапты.
Таяуда ХАМАС басшысы Исмаил Хания Қатарда жерленді.