23 қазанда Карак провинциясының Хаммуд ауылындағы грек православ шіркеуінде жерлеу рәсімі өтіп жатқанда, белгісіз қарулы адамдар оқ атқан.
Алдын ала болжам бойынша, 7 адам қаза тауып, тағы 10 адам жарақат алған. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр.
Иорданияның Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы шіркеуде оқ атылғанын, қаза тапқандар мен жараланғандар барын растады. Алайда құрбандардың нақты санын әзірге жариялаған жоқ.
Куәгерлердің айтуынша, қарулы екі адам көліктен түсіп, шіркеу маңында жерлеу рәсіміне қатысып тұрған адамдарға оқ жаудырған. Жараланғандар кейін ханзада Әли атындағы әскери госпитальға жеткізілді.
Иордания үкіметінің ресми өкілі, үкіметтік байланыс министрі Мұхаммед әл-Момани қауіпсіздік күштері оқиға орнында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, шабуылдың мән-жайы тексеру аяқталған соң ресми түрде жарияланады. Министр жұртшылықты құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірмеуге және тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы шабуылға қатысы бар адамдардың іздестіріліп жатқанын хабарлады. Ведомство оқиға туралы тексерілмеген ақпаратты таратпау қажет екенін айтты.
Шабуылдың себебі мен оқ атқандардың кім екені әзірше белгісіз.
Бұған дейін Иорданияда ескі оқ-дәрі жарылып, бір адам қаза тапқанын жазған едік.