Иорданиядағы шіркеу маңындағы атыстан қаза тапқандар саны сегіз адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Иорданияның Әл-Карак қаласындағы шіркеуде жерлеу рәсіміне қатысушыларға жасалған қарулы шабуылдан қаза тапқандар саны сегізге жетті. Тағы бір зардап шеккен адамның жағдайы ауыр, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Фото: Анадолу

Бұл туралы Иорданияның Денсаулық сақтау министрі Ибрагим әл-Будур мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, шабуыл бір күн бұрын Әл-Карак провинциясындағы Хаммуд шіркеуінде жерлеу рәсімі өтіп жатқан кезде болған. Ол зардап шеккендердің бірінің жағдайы өте ауыр екенін нақтылады.

Бұған дейін Иорданияның Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бас директоры, генерал-майор Убейдулла әл-Маайта жеті адамның қаза тауып, 27 адамның ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған еді.

Шабуылдан кейін Иордания королі II Абдалла кінәлілерге қатысты қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді.

– Каракқа қарсы жасалған террористік актіге ең қатаң жаза шараларымен жауап береміз, – деп жазды монарх X әлеуметтік желісінде.

Иорданиялық БАҚ-тың мәліметінше, қарулы үш адам шіркеу маңында көліктен түсіп, айналасына бей-берекет оқ атқан.

Шабуыл кезінде шіркеудің ішінде және сыртында 150-ден астам адам болғаны хабарланды. Бұған дейін Иордания үкіметі бұл оқиғаны террористік қылмыс деп бағалаған.

Айта кетейік, бұған дейін Иорданияда ескі оқ-дәрі жарылып, бір адам қаза тапқанын жаздық.