— Бүгінде Отбасы банктегі 90 күннен астам мерзімі өткен ипотекалық қарыздардың (NPL) үлесі - небәрі 0,13 пайыз. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Ал екінші деңгейлі банктерде мұндай несиелердің орташа үлесі - 4,5-5 пайыз шамасында, кейбірінде одан да жоғары. Біздің клиенттер қандай жағдай болса да, ең алдымен баспанасын сақтап қалуға тырысады, — деді Жансұлтан Матай.
Оның айтуынша, қарыз алушы қиын өмірлік жағдайға тап болған кезде банк бірден өндіріп алу шараларын қолданбайды. Әрбір өтініш жеке қаралып, алдымен қарызды қайта құрылымдау немесе төлемді кейінге шегеру мүмкіндігі ұсынылады.
Сарапшы табысы уақытша төмендеген азаматтарға алты айға дейін негізгі қарызды өтеуді кейінге қалдыру немесе несие мерзімін ұзарту арқылы ай сайынғы төлем көлемін азайту тетіктері қарастырылғанын айтады.
Тек барлық мүмкіндік сарқылған жағдайда ғана кепілдегі тұрғын үйді сату немесе сот тәртібімен өндіріп алу мәселесі қаралады. Алайда, спикердің айтуынша, мұндай жағдайлар банк портфелінде өте сирек кездеседі.
Айта кетейік, бұған дейін, Қазақстандағы ипотека нарығындағы қазіргі ахуалы жайлы жазған едік.