AFP агенттігінің хабарлауынша, Ирак соты дүйсенбі, 14 қыркүйекте ер адамды «тұтынуға жарамсыз етті сату» бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Ирактың Жоғарғы сот кеңесінің мәліметінше, ер адам 75 келі шошқа етімен ұсталған. Ол бұл өнімді сиыр еті ретінде сатып келген.
Ислам дінінде шошқа етін тұтынуға тыйым салынғанымен, халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын Иракта шошқа етін сатуға заң жүзінде тікелей тыйым жоқ. Елде христиан дінін ұстанатын азшылық та бар.
Сот үкімі 1998 жылы қабылданған заңға негізделді. Аталған заңда ит, есек және адам тұтынуына жарамсыз өзге де ет түрлерін сату қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні қарастырылған.
Наджаф — шиит мұсылмандары үшін аса маңызды қасиетті қалалардың бірі. Жыл сайын мұнда әлемнің әр түкпірінен миллиондаған зияратшы келеді.
Қасапшы осы айда ұсталғаннан кейін оқиға Ирактың әлеуметтік желілерінде кеңінен талқыланды. Кейбір тұрғындар билікті азық-түлік қауіпсіздігіне бақылауды күшейтуге шақырса, енді біреулер шошқа бейнеленген әзіл видеоларды «Бұл — Наджаф» деген жазумен таратқан.
Жергілікті тұрғын Ахмад әл-Мансури (Ahmad al-Mansouri) бұған дейін осы қасапшыдан бір келі тартылған ет сатып алғанын айтты.
Оның сөзінше, еттің сапасы өте жақсы болып көрінген әрі бағасы нарықтағыдан арзан болғандықтан, кейін ол бұл дүкеннен етті тұрақты түрде сатып ала бастаған.
Айта кетейік, бұған дейін Ирак Иранмен шекарадағы үш өткізу бекетін қайта ашып жатқаны хабарланған еді.