Ирактағы ірі газ кен орындарының бірінде өндіріс тоқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Ирактың Күрдістан аймағында энергетикалық нысандарға шабуыл жалғасып жатқандықтан, электр жабдықтау жүйесі қайтадан істен шықты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Shafaq News

8 қараша күні кешке Ирактың солтүстігіндегі Сүлеймания провинциясында орналасқан Хор-Мор газ кен орнына дронмен соққы жасалды. Шабуылдан өрт шығып, газ өндіру толығымен тоқтады. Бұл туралы дүйсенбі күні мәлімдеме таратқан БАӘ-нің Dana Gas компаниясы хабарлады.

Оператор компанияның хабарлауынша, өрт толық сөндірілген, қызметкерлер зардап шекпеген. Шығын көлемі анықталғанша газ өндіру тоқтап тұр. Ал кен орнының жұмысы қашан жанданатыны әзірге белгісіз.

Шабуылдан кейін өңірдегі жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын электр өндіру нысандары істен шықты. Осыған байланысты Ирактың солтүстігіндегі жартылай автономиялық Күрдістан аймағының бірқатар ауданында электр жарығы сөнді.

Reuters агенттігі Ирак Күрдістанының энергетика министрлігіндегі дереккөздерге сілтеме жасап, соққы сұйытылған көмірсутек газы сақталған резервуарға тигенін хабарлады.

Ал соққыдан кейін нысан қызметкерлері қауіпсіз орындарға эвакуацияланды.

Ирак Күрдістанының Табиғи ресурстар және электр энергетикасы министрліктері бұл оқиғаны террорлық әрекет деп атап, оның зардабын азайтуға бағытталған шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.

Бұған қоса дүйсенбі күні Ирак премьер-министрі Әли Фалех әз-Заиди шабуылдың мән-жайын тергеу үшін федералдық билік пен Ирак Күрдістаны үкіметінің өкілдерінен бірлескен тергеу комиссиясын құруды тапсырды.

Shafaq агенттігінің жергілікті дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, дрон Салах-ад-Дин провинциясындағы Туз-Хурмату қаласының маңындағы таулы аймақтан ұшырылған болуы мүмкін. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Сондай-ақ әзірге ешбір топ шабуылға қатысы барын мәлімдемеді.

Айта кетейік, Хор-Мор – Ирактағы ең ірі газ кен орындарының бірі әрі Күрдістан аймағындағы электр станцияларына отын жеткізетін негізгі көз. Кен орнын БАӘ-нің Dana Gas және Crescent Petroleum компаниялары кіретін Pearl Petroleum консорциумы игереді.

Кен орнына бұған дейін де бірнеше рет дронмен шабуыл жасалған. 2024 жылғы сәуірдегі соққыдан төрт шетелдік жұмысшы қаза тапты. Ал 2025 жылғы қарашада болған тағы бір шабуыл кезінде газ резервуарында өрт шығып, электр станцияларына отын жеткізу тоқтатылды.

2026 жылғы шілдеде аймақтағы ахуал шиеленісіп, қауіпсіздікке қатер төнгендіктен, Dana Gas компаниясы кен орнындағы газ өндіруді уақытша тоқтатқан еді.

Сонымен қатар күрд билігі бұған дейін мұндай шабуылдарға Иран қолдайтын қарулы топтарды айыптаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ Ирактағы ДАИШ-ке қарсы миссиясын аяқтағанын хабарлаған болатынбыз.