Иран АҚШ-ты агрессия үшін айыптап, халықаралық тергеуге алуды талап етті
АСТАНА. KAZINFORM – Тегеран ядролық нысандарға жасалған соққыларды халықаралық құқықты өрескел бұзу деп бағалап, бұл әрекетке жауап беру құқығын мәлімдеді және Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан (ДНЯО) шығу мүмкіндігін ескертті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Иранның Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдемесінде АҚШ тарапынан жасалған шабуылды «егемен елге қарсы бұрын-соңды болмаған агрессия» және БҰҰ Жарғысын, 2231-резолюцияны, сондай-ақ Ядролық қаруды таратпау туралы шартты бұзу деп бағалады.
— Иран Ислам Республикасы өз егемендігін, қауіпсіздігін және халқының мүдделерін қорғау үшін барлық мүмкін құралдарды қолдануға құқылы, — делінген мәлімдемеде.
МИД мәлімдеуінше, бұл соққылар дипломатиялық үдеріс жүріп жатқан сәтте жасалып, Израильді қолдауға бағытталған АҚШ-тың агрессивті саясатының жалғасы болып отыр. Иран шабуыл үшін Израильді кінәлап, әскери шиеленіске себепші әрі бастаушы сол ел деп атады.
Сонымен қатар, Тегеран Фордо сияқты кейбір ядролық нысандарда тек үстірт зақым келгенін, ал қызметкерлердің соққыға дейін эвакуацияланғанын, сондықтан радиациялық қауіп жоқ екенін хабарлады.
Иран Атом энергетикасы ұйымының басшысы Мохаммад Эслами МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гроссиге хат жолдап, ұйымды әрекетсіздік пен бейқамдық танытты деп айыптап, АҚШ-тың әрекетін ресми түрде айыптауға шақырды.
Эслами сонымен қатар Иранның халықаралық міндеттемелердің өрескел бұзылуына құқықтық жауап қайтару құқығын сақтап қалатынын атап өтті.
Мәжілістің сыртқы саясат жөніндегі комитетінің төрағасы Аббас Голру Иранның ДНЯО-дан шығу құқығы туралы еске салып, егер «елдің басты мүдделеріне қатер төнсе», 10-бапқа сәйкес бұл қадам заңды екенін айтты.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи әлеуметтік желідегі үндеуінде АҚШ-тың шабуылын БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзу деп атап, оның ұзақмерзімді салдары болатынын ескертті.
— Иран халықаралық құқық шеңберінде өзін-өзі қорғау құқығын сақтайды, — деді министр.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі де Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады.