Иран АҚШ-тың соққысы өңірлік соғыс қаупіне алып келуі мүмкін екенін ескертті

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM — Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи АҚШ жағынан болуы мүмкін агрессия жергілікті ауқыммен шектелмей, кең көлемдегі өңірлік соғысқа ұласуы мүмкін екенін мәлімдеді. 

— Біз ешқашан соғысты бастамаймыз, алайда кез келген шабуылға жойқын соққымен жауап береміз, — деді Әли Хаменеи.

Ол Ислам революциясының жеңісіне 47 жыл толуы қарсаңында өткен жиындағы сөзінде ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне, ел ішіндегі соңғы тәртіпсіздіктерге, сондай-ақ АҚШ-пен арада ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан текетірестің негізгі себептеріне тоқталды.

IRNA агенттігінің хабарлауынша, Иран басшысы елде жуырда болған толқуларды мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетімен салыстырды. 

Оның айтуынша, полицияға, мемлекеттік мекемелерге, мешіттер мен банктерге жасалған шабуылдардың мақсаты — елдегі басқару жүйесін тұрақсыздандыру. Алайда бұл «астыртын жоспар» сәтті түрде тоқтатылды.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында экономикалық жағдайдың нашарлауы, ұлттық валютаның күрт құнсыздануы және инфляцияның өсуі аясында Тегеранда жаппай наразылық акциялары басталып, кейін олар елдің өзге қалаларына да тараған еді.

Осы оқиғалардан кейін жақында АҚШ-тың ұшақтасымалдағыш тобы Таяу Шығысқа жетті

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчидің сөзіне қарағанда, АҚШ тарапынан соққы жасау қаупіне қарамастан, Тегеран Вашингтонмен ядролық бағдарлама бойынша келісімге қол жеткізу мүмкін екеніне сенімді.

Автор: Аружан Жәнәділ