Иран Аргентинаның Әуе және Әскери-теңіз күштерін террористік ұйымдар тізіміне енгізді

АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран мен Буэнос-Айрес арасындағы қарым-қатынас терроризмді қолдауға қатысты өзара айыптаулар аясында шиеленісе түсті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Tasnim

Иран Аргентинаның Әуе және Әскери-теңіз күштерін ресми түрде террористік ұйымдар тізіміне енгізді. Бұл шешім Буэнос-Айрестің биыл сәуір айында Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусына (ИРСК) қатысты осындай шешім қабылдауына жауап ретінде жасалды.

Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің 11 қараша, сәрсенбі күні жарияланған мәлімдемесінде айтылған. Ведомство шешім өзара әрекет ету қағидатына негізделгенін түсіндірді.

— Бұл шешімнен туындайтын барлық салдар үшін жауапкершілік Аргентина үкіметіне жүктелетіні анық, — делінген министрлік мәлімдемесінде.

Иранның IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл шешімнің құқықтық негізі — АҚШ-тың 2019 жылы ИРСК-ны террористік ұйым деп тануына байланысты қабылданған қарсы шаралар туралы заң. Құжатта осындай шектеулерді қолдайтын мемлекеттерге қатысты жауап шараларын қолдану қарастырылған.

Иран Сыртқы істер министрлігі Ислам революциясы сақшылар корпусы елдің ресми қарулы күштерінің бір бөлігі екенін атап өтті. Тегеранның пікірінше, Аргентинаның бұл құрылымды террористік ұйым деп тануы халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарына қайшы келеді.

Сонымен қатар Иран тарапы Аргентина қарулы күштерін террористік ұйымдар тізіміне енгізгеннен кейін қандай нақты шаралар қабылдануы мүмкін екенін айтпады. Мәлімдемеде Аргентинаның Құрлық әскерлері туралы сөз қозғалмаған.

2026 жылғы сәуірде Аргентина билігі АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің одақтастарын осындай шаралар қабылдауға шақыруы аясында Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусын ұлттық террористік ұйымдар тізіміне енгізген болатын.

Аргентина бұл шешімін ИРСК-ның Ливандағы «Хезболла» қозғалысымен байланысына негіздеді. Аргентина билігі бұл ұйымды 1994 жылы Буэнос-Айрестегі еврей қауымдастығы орталығында болған жарылысқа қатысы бар деп есептейді. Террористік шабуыл салдарынан 85 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған.

Аргентина, АҚШ және Израиль ұзақ жылдар бойы Иранды «Хезболланы» қолдау арқылы осы шабуылды ұйымдастырды деп айыптап келеді.

Бұған дейін Иранның жаңа зымыран базасын таныстырғаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ Франция Иранды супермаркеттердегі тоңазытқыштарға жасалған кибершабуылдарға қатысы бар деп айыптаған еді.