Иран жаңа зымыран базасын таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының Аэроғарыш күштері баллистикалық және қанатты зымырандар орналасқан жаңа зымыран базасын таныстырды. Бұл туралы Kazinform агенттігі «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Иран жаңа зымыран базасын таныстырды
Фото: Tasnim

Иранның мемлекеттік телерадиокомпаниясы IRIB мәліметінше, базада қатты және сұйық отынмен жұмыс істейтін баллистикалық зымырандар, сондай-ақ қанатты зымырандар бар.

Иран тарапының мәлімдеуінше, таныстырылған зымырандардың кейбірі Израильмен және АҚШ-пен болған 12 күндік және 40 күндік соғыстар кезінде қолданылған.

Бұдан бөлек, IRIB Иран зымырандарының ұшу қашықтығына қатысты шектеулерді алып тастағанын хабарлады. Бұған дейін, 7 қарашада Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы өкілі Хосейн Мохебби елдің баллистикалық зымырандарының ұшу қашықтығына қойылған 2 мың шақырымдық шектеу алынғанын мәлімдеген еді. Алайда Иранның бұдан да алыс қашықтыққа ұша алатын зымырандары бар екені ресми түрде расталған жоқ.

Зымыран базасын таныстыру рәсімінде Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы Әли Абдоллахи ел мен оның қарулы күштері қарсыластарының әскери әлеуеті мен ресурстарына қарамастан, шешімдерді өз бетінше қабылдайтынын айтты.

Ал Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Аэроғарыш күштерінің қолбасшысы Сейед Маджид Мусави қарсыластарын Иранға қарсы әрекет жасамауға үндеп, кез келген дұшпандық қадамға қатаң түрде жауап берілетінін ескертті.

Еске салайық, 2026 жылғы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Тегеранға және Иранның өзге де қалаларына бірлескен соққы жасады. Бұған жауап ретінде Иран Израиль мен аймақтағы америкалық әскери нысандарға бірқатар зымыран және ұшқышсыз аппараттармен шабуыл жасады. Сондай-ақ Ормуз бұғазындағы бақылауын күшейтті.

Еске салайық, бұған дейін Трамп Иранға қарсы әскери операцияны қайта бастау әзірше екіталай екенін айтқан еді.