Иран Харг аралындағы қорғанысты күшейтті
АСТАНА. KAZINFORM – Иран Парсы шығанағындағы Харг аралында әскери күштер мен қорғаныс жүйесін күшейтіп жатыр. Бұл АҚШ тарапынан болуы мүмкін операция туралы қауіптің күшеюімен байланысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
CNN телеарнасының америкалық барлау деректеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Тегеран аралға қосымша әскери күш жіберіп, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын орналастырып, қорғаныс шептерін дайындап жатыр. Сондай-ақ ықтимал шабуыл жағдайына арналған тосқауылдар мен инженерлік бөгеттер әзірленуде.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қысымды күшейту және Ормуз бұғазын ашуға мәжбүрлеу үшін Харг аралын бақылауға алу нұсқасын қарастырып отырғаны туралы ақпарат тараған.
Америкалық әскери сарапшылар мұндай операция үлкен шығынға әкелуі мүмкін екенін айтады. Олардың пікірінше, арал жақсы бекініспен қорғалған және қосымша зениттік кешендермен күшейтілген.
Соңғы мәліметтер бойынша, АҚШ өңірге 82-әуе-десант дивизиясының шамамен 1000 әскери қызметкерін және 5000-ға жуық теңіз жаяу әскерін жіберген. Олардың бір бөлігі USS Tripoli десанттық кемесімен жеткізіліп жатыр. Сарапшылар бұл кеме ықтимал операцияда негізгі рөл атқаруы мүмкін екенін айтады.
Иран парламентінің төрағасы Мұхаммад Бағер Калибаф ел мұндай сценарийге дайындалып жатқанын мәлімдеді.
– Біздің күштер қарсы тараптың барлық қозғалысын бақылауда ұстап отыр. Егер шабуыл жасалса, өмірлік маңызы бар нысандарға үздіксіз соққы беріледі, – деді ол.
Харг аралы Иран жағалауынан шамамен 30 шақырым қашықтықта орналасқан және ел мұнай экспортының негізгі торабы саналады. Сарапшылардың мәліметінше, Иран экспорттайтын мұнайдың шамамен 90 пайызы осы арал арқылы жөнелтіледі.
Арал аумағында ірі мұнай қоймалары, құбыр желілері және теңіз терминалдары орналасқан. Мұнда бір мезетте ондаған миллион баррель мұнай сақтауға мүмкіндік бар. Терең су айлағы ірі танкерлерді қабылдауға жағдай жасайтындықтан, Харг Иран экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар нысан болып саналады.
Айта кетейік, АҚШ пен Израиль Ирандағы «Бушер» АЭС аумағына тағы соққы жасады.