Иран мен АҚШ арасындағы диалогтың келесі раунды Оманда 11 мамырда өтеді

Фото: Фото: ТАСС

АСТАНА. KAZINFORM – Ислам мемлекететінің ядролық бағдарламасы аясындағы дағдарысты реттеуге бағытталған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің кезекті төртінші раунды Оманда 11 мамырда өтеді, деп хабарлайды ресейлік ТАСС NourNews агенттігіндегі дереккөзге сілтеме жасап.

Осыған дейін Axios порталының тілшісі Барак Равид Х әлеуметтік желісінде АҚШ-тың арнайы елшісі Стивен Уиткоффтың сөзін келтіре отырып, Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты АҚШ-Иран келіссөздерінің төртінші раунды 10-11 мамырда өтуі мүмкін екенін жазған болатын.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио осыған дейін Иран өзінің азаматтық ядролық бағдарламасын сақтап қалғысы келсе, уранды байытуды толығымен тоқтатуы керек екенін айтты. Ол Иран басқа елдер сияқты байытылған материалды өзі өндірмей-ақ импорттай алады деген пікірде.