Иран мен АҚШ Оманда ядролық келіссөздер жүргізеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейіп жатқан тұста сенбі күні Оман астанасы Маскатта Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер қайта басталады, деп хабарлайды Euronews.

Римде АҚШ пен Иран келіссөздерінің 2-ші кезеңі аяқталды
Фото: Anadolu

Екі жақ АҚШ санкцияларын жеңілдетудің орнына Иранның ядролық әрекеттерін тежеуге бағытталған келісімнің техникалық жақтарын келісуге тырысады.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін бірнеше рет келісім жасалмаса, Иранның ядролық нысандарына әуеден соққы беру мүмкіндігін жоққа шығармайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар, Тегеран шенеуніктері қару-жарақ деңгейіне жақын уранның өсіп келе жатқан қорларына сүйене отырып, ядролық қару жасау әлеуетін меңзеп келеді.

Келіссөздердің жаңа орны ретінде Оманды таңдау себебі ресми түрде жарияланбады, бірақ сұлтандық дәстүрлі түрде күрделі дипломатиялық диалогтарда делдал рөлін атқаратыны белгілі. Келіссөздердің алдыңғы кезеңі Римде өтіп, онда ирандық дипломат Аббас Аракчи АҚШ-тың Таяу Шығыстағы өкілі Стив Уиткоффпен кездесті. Алайда Рим Папасы Францисктің қайтыс болуы және онымен байланысты аза тұту оқиғалары локацияның өзгеруіне әсер етуі мүмкін.

Қытай мен Ресейдің Иранды қолдауы

Келіссөздер Иран, Ресей және Қытай арасындағы байланыстың күшеюі тұсында өтіп жатыр. Өткен аптада Аракчи Мәскеу билігінің өкілдерімен, ал осы аптада Бейжің өкілдерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ бейсенбі күні үш елдің өкілі мен МАГАТЭ басшысы, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басшысы арасында кездесу өтті.

Синхуа ақпарат агенттігінің хабарлауынша, тараптар МАГАТЭ-нің бейтарап ойыншы ретіндегі әлеуетіне сенім білдіріп, дипломатиялық шешімдердің маңыздылығын атап өтті. Қытай сонымен қатар Иранның ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану құқығын қуаттады.

Сонымен қатар, Трамп әкімшілігі 2015 жылғы ядролық келісімнің еуропалық қатысушылары — Франция, Германия және Ұлыбританияның келіссөздерге қосылуына рұқсат бермеді. Бұл Украина мәселесі бойынша Ресеймен келіссөздердегі америкалық көзқарасты қайталайды. Өз кезегінде Аракчи Еуропамен диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді және X әлеуметтік желісінде жағдайдың қазіргі дамуы аймақтың болашағын айқындауы мүмкін екенін мәлімдеді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иран өзінің азаматтық ядролық бағдарламасын сақтап қалғысы келсе, уранды байытуды толығымен тоқтатуы керек деп санайды. Ол Иранның басқа елдер сияқты байытылған материалды өзі өндірмей-ақ импорттай алатынын баса айтты.

Уиткофф бастапқыда 3,67%-ға дейін байыту мүмкіндігіне рұқсат берді, бірақ кейінірек Рубионың толық тыйым салу туралы ұстанымымен келісті.

Алайда Иран өз аумағында уран байытудан бас тарту мүмкіндігін үзілді-кесілді жоққа шығарады, бұл негізгі даулы мәселе болып қала береді.

Бұған дейін МАГАТЭ Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келіссөздерді қалпына келтіруге жәрдемдесуге дайын екені хабарланған болатын.

Трамп мамыр айында Сауд Арабиясы, Қатар және БАӘ-ге бармақшы.

Соңғы жаңалықтар