Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс күшейе түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Иран Беэр-Шева қаласына тағы да ракеталық соққы жасады, ал Израиль бұл әрекетке жауап ретінде Тегерандағы нысандарға ауқымды шабуыл ұйымдастырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс сегізінші күні жалғасып жатыр. Иран Беэр-Шеваға тағы да зымыранмен соққы жасады, ал Израиль Тегерандағы әскери және ядролық нысандарға ауқымды әуе шабуылымен жауап берді.
Израильдің оңтүстігіне жасалған зымыран соққысы
Жұма күні таңертең Иран Израиль аумағына бірнеше баллистикалық зымыран жіберді. Израиль армиясының мәліметінше, зымырандардың бірі елдің оңтүстігіндегі Беэр-Шева қаласына тікелей тиді. Соққы тұрғын үйлер орналасқан аудан мен жақын маңдағы технопаркке түскен. Израильдің шұғыл көмек қызметі Magen David Adom бес адамның жеңіл жарақат алғанын, сондай-ақ 30-дан астам адам үрей мен күйзелістен зардап шеккенін хабарлады.
Жұмаға қараған түні Израиль әскери-әуе күштері Иран аумағындағы ондаған нысанға соққы берді. Израиль армиясы (ЦАХАЛ) таратқан мәліметке сәйкес, операцияға 60-тан астам жойғыш ұшақ қатысып, 120-ға жуық оқ-дәрі қолданылған. Соққылар Тегеран маңындағы нысандарға бағытталған.
Ислам революциясы сақшылары корпусы Тегеранның оңтүстігіндегі Кахризак ауданында Израильге тиесілі ұшқышсыз ұшу аппаратын (дронды) атып түсіргенін мәлімдеді.
Израиль армиясы Беэр-Шеведегі нысанға зымыранның жетіп, тосқауылсыз соғылуына себеп болған техникалық ақауға қатысты әзірге ресми пікір білдірген жоқ. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, әуе қорғаныс жүйесінің ішінара жүктемеге байланысты шамадан тыс жұмыс істеуі (перегрузка) ықтимал себеп ретінде қарастырылып жатыр.
Айта кетелік Иранда Ислам революциясы Қамқоршылар корпусы барлау қызметінің жаңа басшысын тағайындады.