Иран мен Израильдің әскери әлеуеті: басымдық санда ма, әлде технологияда ма

Фото: x.com/@idfonline

АСТАНА. KAZINFORM — Иран мен Израиль арасындағы әскер қақтығыс ашық айқасқа көшіп, күн тәртібіне Таяу Шығыстағы күштер теңгерімін шығарып тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израильдіктердің Иран аумағына әуеден соққы жасауы және Тегеранның оған лайықты қарымта қайтаруға берген уәдесі аясында халықаралық қауымдастық назары «өңірдегі екі басты қарсыластың әскери күштерінің әлеуеті қандай?» деген сауалға тағы да ауып тұр.

Иран

Associated Press агенттігі ақпараттарына қарағанда, Иранның қағаз жүзінде сандық артықшылығы бар: 88 миллион адам және 1,6 миллион шаршы шақырым аумақ, ал Израильде 9 миллион тұрғын және 22 мың шаршы шақырым. Алайда, агенттіктің атап өтуінше, бұл сандардың қазіргі соғыс жағдайында маңызы өте төмен.

Иран әскері тұрақты қарулы күштер және элиталы «Аль-Кудс» арнайы бөлімшесі, зымыран қолбасшылығы мен киберәскерлерді қоса алғанда Ислам революциясының сақшылар корпусына бөлінеді

Тұрақты қарулы күштер қатарында шамамен 600 мың, ал Ислам революциясының сақшылар корпусында 200 мыңға жуық сарбаз бар. Бұл ретте өңірдегі ирандық прокси-құрылымдар соңғы жылдары АҚШ пен Израильдің әрекеттері салдарынан айтарлықтай зиян шеккені бар.

Иранның қару-жарағы аралас арсенал саналады: 1979 жылғы Ислам революциясына дейінгі кеңестік және америкалық өндірістегі техникалар, сондай-ақ кейінірек Ресейден алынға қарулар.

Иран Әскери-әуе күштерінде 350-ге жуық ұшақ бар, негізінен ескірген әуе ұшақтарының түрі. Олардың саны мен сапасы Израильдің әуе кемелеріне қарағанда едәуір төмен.

Дегемен, Иранда Shahed әуеден соққы жасайтын дрондарды қоса алғанда ұшқышсыз ұшатын апараттар өндірісінде айтарлықтай тармақталған жүйе бар.

Қолбасшылықтың әлсіздігі Иранға үлкен қиындық туғызып тұр: жұма күнгі Израиль соққысы салдарынан Ислам революциясының сақшылар корпусының басшысы генерал Хосейн Салами, Бас штаб бастығы генерал Мохаммад Багери, сондай-ақ бірнеше жетекші ядролық ғалым мерт болды. Бұрынырақ та дәл осындай шабуыл кезінде бүкіл аймақтағы басқа да жоғары дәрежелі командирлер қаза тапқан еді.

Иранның ядролық бағдарламасы соңғы жылдары айтарлықтай нақты нәтиже көрсете бастады. Бағалауларға сәйкес, саяси шешім қабылданған жағдайда Тегеран бірнеше ай ішінде ондаған оқтұмсық жасауға жеткілікті мөлшерде қару-жарақ деңгейіне дейінгі байытылған уран жинаған.

Алайда, Associated Press агенттігінің атап өтуінше, Иранға жеткізу құралдарын жасау үшін көбірек уақыт қажет болады және Израиль мұны күтіп отырғысы келмейтін сияқты.

Израиль

Израиль АҚШ пен Еуропаның соңғы технологияларына да, қару-жарақтың толық спектрін шығаруға қабілетті өзінің дамыған қорғаныс өнеркәсібіне де сүйене отырып, қуатты құрлық, теңіз және әуе күштеріне ие.

Санының аздығына — 170 мыңға жуық әскери қызметші мен 400 мың резервтегі әскери қызметшілеріне қарамастан Израиль армиясы аймақтағы қақтығыстарға тұрақты қатысуы және жоғары дайындық стандарттарының арқасында ең қабілетті әскер саналады.

Иранның әлеуетті қарымта жауабы жүздеген баллистикалық зымыранды қамтуы мүмкін. Бірақ Иран бұл қарқынды қанша уақыт ұстап тұра алатындығына қатысты сауал ашық қалып тұр. 2024 жылдың қазан айында Иранның Израильге жаппай зымыран соққысы тек шектеулі ған зиян тиге алды.

Фото: x.com / @idfonline

Израильдің басты артықшылығы — оның АҚШ-тың көмегімен жасалған көп деңгейлі әуе қорғанысы жүйесі. Ол ұшыруларды қадағалап, елді мекендерге немесе маңызды инфрақұрылымға қауіп төндіретін снарядтарды ғана қағып түсіруге қауқарлы. Жүйе түбегейлі сенімді деп саналмаса да, Израиль билігі ол үлкен қирандылар мен шығынның алдын алды деп есептейді.

Израиль аймақтағы ядролық арсеналға ие жалғыз мемлекет саналады. Дегенмен ол мұны ресми мойындамайды. Израиль үшін АҚШ-тың барлау, қару-жарақ жеткізу және дипломатия саласындағы қолдауы да шешуші маңызға ие.

АҚШ рөлі

АҚШ Израильдің Иранға әуеден соққы жасауына еш қатысы жоқ екендігін ресми мәлімдеп отыр. Дегенмен, Иранның қарымта шабуылының нысанына айналуы мүмкін екендіктерін де жоққа шығармайды. Аймақта америкалық қауқарлы күш орналасқан: Араб теңізінде 60 жойғыш ұшақ тиелген алып кеме, базалардағы ондаған ұшақ пен мыңдаған әскери қызметші.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Израиль Иранға қарсы біржақты шабуыл жасағанын мәлімдеген болатын

— Бұл соққыға қатысқанымыз жоқ… Израиль бізді ақпараттандырды және бұл іс-әрекетті өзінің қорғанысы үшін қажетті деп санайды. Президент Трамп және әкімшілік күштерімізді қорғау және өңірдегі серіктестерімізбен тығыз өзара іс-қимылды жалғастыру үшін қажетті барлық іс-шараны қабылдады. Атап өткім келеді, Иран америкалық мүддеге немесе қызметкерлерге шабуыл жасамауы тиіс, — делінген сайтында жарияланған Ақ үй Рубио мәлімдемесінде.

Таяу Шығыстағы ахуал ушыққаннан кейін Вашигтон Бағдаттағы дипломаттарының бір бөлігін қауіпсіз аймаққа шығара бастады. Сондай-ақ Таяу Шығыста қоныстанған америкалық отбасыларға да өз еріктерімен кетуге ұсыныс жасап отыр.

Қазіргі уақытта Израиль Иранның қарымта шабуыл жасау әлеуетін айтарлықтай әлсірете алды: Газа мен Ливандағы негізгі прокси-топтар талқанданды, Иранның әуеге қарсы қорғанысна айтарлықтай соққы жасалды және қолбасшылық жетекшілері өлтірілді.

Сарапшылардың пайымынша, толыққанды қақтығыс болған жағдайда, Иран әскер саны мен жаппай зымыран ұшыруларына арқа сүйей алады. Бірақ Израиль авиация, барлау мен қорғаныста үстемдігін сақтайды.

Еске сала кетейік, Израиль Иранға соққы беріп, әуе кеңістігін жауып тастады.

Осы жағдайға байланысты Тель-Авивтегі ҚР елшілігі Израильдегі Қазақстан азаматтарына үндеу жасады.

Air Astana тобы Иран мен Ирак әуе кеңістігінің жабылуына байланысты кейбір Air Astana және FlyArystan тұрақты және чартерлік рейстерінің бағытындағы өзгерістер туралы жолаушыларды хабардар етті.

Kazinform оқырмандарына Израильдің Иранға жасаған әуе соққысына әлем көшбасшылары қалай үн қатқанына қатысты шолу да ұсынды.