Иран мен Қытайдан оралған қандастардың теріскейдегі тыныс-тіршілігі

Фото: Бағила Махмұд. Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Соңғы жылдары жұмыс күші көп өңірлерден келгендерге, сондай-ақ атамекенді аңсап, шеттен сағына жеткен қандастар үшін ауыл — жаңа бастаманың мекеніне айналды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген отбасы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударып, өмірдің жаңа парағын осы жерде бастап отыр. 

Наджиб Қазақ 2021 жылы Ираннан атамекенге оралды. Қазір отбасы ауыл тіршілігінің нағыз бел ортасында жүр.

Наджиб Қазақ. Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

1,5 млн теңге қайтарымсыз грант алып, бүгінде қорадағы сиыр санын 30-ға жеткізген. Сондай-ақ ауылдың малын бағады. 12 жасар тұңғышы Парсы — әкесінің қолғанаты. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Ауа райына үйрендік. Алғаш келгенде таңертең тұрсақ қар жатыр. Кейін аязын да, боранды да көрдік. Жазбен бірге жанымыз да жадырап сала берді. Содан кейін іске кірістік. Мына қораны өзім құйған кірпішпен, екі ағайынның көмегімен бір айдың ішінде қалап шықтық, — дейді Наджиб Қазақ. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Наджиб сырттағы шаруаны бітірсе, жұбайы Махтап балаларға қарап, үй тірлігімен айналысып, шаңырақтың берекесін кіргізіп отыр.

Бұған дейін Иранның солтүстігінде орналасқан Бендер-е Торкеман портты қаласында тұрған отбасына бастапқыда ауыл тұрмысына, жаңа ортаға үйренісіп кету қиын болған. 

Махтап Шадкам. Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Ол жақта тұрмысымыз жаман болған жоқ. Курортты қала, қайнаған халық. Менің өз дүкенім болды. Жоғары білімім бар. Атамекенге балалардың болашағы үшін келдік, — дейді Махтап Шадкам. 

Ерлі-зайыптының бес баласы бар. Кенже қыз Делай былтыр дүниеге келді. Ересектері ауылдағы мектепте қазақша білім алып жатыр, оқуда озат. 

Отбасының Иранда туған-туыстары қалған, олар да үнемі хабарласып, қал-жағдайларын біліп тұрады. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Отағасы Наджиб — ағаш өңдеу инженері. Қиындыққа мойымаған азаматтың жоспары көп. Былтыр үйінің ауласына алма ағашының 40 көшетін отырғызып, оның көбі жерсінді.

Егер жеміс беріп жатса, болашақта солтүстік өңірде кенже қалған алма бағын жандандыруды көздеп отыр.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Жақында отбасы салоннан жаңа көлік алып мінді. 

Көрші үйдегі Қажымұқан Өтепбергенов — Тараздың тумасы. Оның бұл ауылда тұрып жатқанына үш жылға жуық. Бастапқыда келісім бойынша көрші ауылға мал бағуға келген.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Табиғаты ұнап, көп ұзамай отбасын көшіріп әкелді. Келген кезде шаруашылықтардың бірінде дәнекерлеуші, тракторшы болып жұмыс істеген ол енді өз ісін дамытпақ. 

Қажымұқан Өтепбергенов. Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Мына қорада сиыр ұстаймын. Күнде таңертең 30 литр сүт тапсырамыз. Келесі қорада қой тұрады. Биылғы жоспар — тауық қорасын салу. Қажет материалды жинап жатырмын. Инкубатордан алғашқы балапандар шықты. Жұмыртқаға қашан да сұраныс бар. Тауық санын бастапқыда 300-ге жеткізгім келеді, — дейді ауыл тұрғыны Қажымұқан Өтепбергенов. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ал мына отбасы — Түркістан облысынан қоныс аударған Әлимұхаммад Шамаев пен Гүлназ Жапбар.

Биыл 30 жасқа толатын Гүлназ — көпбалалы ана. Жеті баланың ең кенжесі — Әмірхан, осы ауылда дүниеге келген.

«Еңбек» бағдарламасымен келген бұл отбасы да мал басын көбейтумен айналысып жатыр. 1,5 млн теңге грант алған ерлі-зайыптының қазір бес сауын сиыры бар.

Гүлназ Жапбар балаларымен. Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Күнде 35 литр сүт өткізіп, пұл етіп отыр. Бұдан бөлек симментал, әулиекөл, ангус тұқымды бұзауларды сатып алған. Отбасы өз фермасын ашуды армандайды. 

Тоқтарбек Алашбектің Қытайдан атамекенге қоныс аударғанына биыл екінші жыл. Еңбекқор азамат жұбайымен ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртпақ.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бағила Махмұд сауған сиырдың сүтін іске жаратып, күнде қаймақ-май жасайды.

Анасының тәсілімен айран ұйытып, ашыған сүттен құрт жасап, кептіреді. Бұл өнімге сұраныс жоғары. Жақында бие байлап, қымыз саудасын қыздырмақ. 

Бағила Махмұд. Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бүгінде мал бағуда жылқының орнын мотоцикл мен машина алмастырған. Ауылдың малы көк отта алаңсыз жайылып жүр. Тоқтарбек өз малымен қоса ауылдың малын да бағады.

Қазір оның 20 сиыры, он шақты жылқысы және 100 қойы өрісте жүр. Бұл — екі жылға жуық тынымсыз еңбектің нәтижесі. 

Тоқтарбек Алашбек. Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Жақында мына нуға, Есілдің жағасына үш киіз үй тігемін, биелерді байлаймын. Түйе әкеліп, шұбат жасағым келеді. Осылайша экотуризмді дамытпақ ниеттемін. Былтыр бір киіз үй құрып көрдім, келіп демалушылардан іші бір босаған жоқ. Бұл жердің топырағы майkы, құнарлы ғой. Қытайда шаруашылықпен айналысуға жер жоқ, жемшөп те бірнеше есе қымбат. Мұнда мемлекеттен де қолдау бар. Істі дамытуға 5 млн теңгеге дейін грант алуға болады деп естідім, бағымды сынап көремін, — дейді Тоқтарбек Алашбек.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Елді мекен үлкен жолдың бойында орналасқан, барлық қажетті әлеуметтік нысандар жұмыс істейді.

Мәдениет орталығынан бөлек, балабақша, 250 оқушыға шақталған мектеп-интернат, фельдшерлік-акушерлік пункт, полиция бекеті, диірмен мен наубайхана, үш дәмхана, екі қонақ үй, 10 дүкен, мешіт бар. 1300-ге жуық адам тұрып жатыр. 

Далабай Қабдуалиев те — қаладағы жайлы тұрмысын ауылдың қым-қуат тірлігіне айырбастаған жандардың бірі. Мемлекеттік мекемелердің бірінде бөлім басшысы болған азамат 1,5 жыл бұрын Николаевка ауылдық округіне әкім болып келді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ауылға келген бетте-ақ үлкен сынаққа тап болды. Былтырғы алапат су тасқыны кезінде бір көшенің мал-жанын аман алып қалды.

Тәулік бойы су кешіп, тасқынмен арпалысқан еңбегі елеусіз қалған жоқ — Далабай Қабдуалиев «Құрмет» орденімен марапатталды.

Ауыл әкімі Далабай Қабдуалиев. Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Биыл ауыл ішілік жолдарды жөндейміз. Былтыр 50 млн теңгеге ФАП жөнделді, 107 млн теңгеге мәдениет орталығы салынды. Таза су келіп тұр, 270 үй суды үйіне кіргізіп алды. Облыс орталығына автобус қатынайды. Биыл 188 млн теңгеге мектеп күрделі жөнделіп жатыр. Жергілікті шаруашылықтар да көмегін аямайды, — дейді Николаевка ауылдық округінің әкімі Далабай Қабдуалиев.

Бұл отбасылардың тағдыры бір ауылда тоғысты. Түрлі өңірден, тіпті шет елден келгенімен, оларды бір ортақ нәрсе біріктіреді — еңбекқорлық, отбасына деген жауапкершілік және болашаққа деген сенім.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

СҚО еңбек ұтқырлығы орталығының мәліметінше, өңірге 2016 жылдан бастап жұмыс күші артық өңірлерден бас-аяғы 17 204 қоныс аударушы, оның ішінде 1093 қандас келді.

Негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Моңғолия, Иран, Қытай, Ресей мемлекеттерінен қоныс аударды.

Былтыр оңтүстік өңірлерден 710 отбасы, бас-аяғы 2340 адам қоныс аударса, шетелден 105 отбасы немесе 207 қандас көшіп келді. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Биыл жұмыс күші артық өңірлерден 2 969 адам және 175 қандасты қабылдау жоспарланған. 

Естеріңізге салайық, бұған дейін Түркістаннан теріскейге қоныс аударушылар көп екенін жазған едік.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform