Иран Ормуз бұғазында үшінші алып мұнай танкеріне соққы бергенін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы 12 қазан күні таңертең Ормуз бұғазы арқылы өтпек болған үшінші алып мұнай танкеріне соққы жасалғанын хабарлады, деп жазады Anadolu .

Фото: ИРНА

Иран тарапының мәліметінше, шамамен 2 миллион баррель мұнай тасымалдауға қауқарлы супертанкер навигациялық жүйелерін өшіріп, Ормуз бұғазы арқылы өтуге әрекеттенген.

Ислам революциясы сақшылары корпусының мәлімдемесінде кеме бұғаздағы белгіленген тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзуға тырысқаны айтылған.

– Танкер навигациялық жүйелерін өшіріп, Ормуз бұғазы арқылы өтуге әрекеттенді. Осыған байланысты Иран қарулы күштері кемеге оқ жаудырып, нәтижесінде оның бортында өрт шықты, – делінген корпус мәлімдемесінде.

Әзірге танкердің атауы, экипаж мүшелерінің жағдайы және кемеге келтірілген залал туралы толық мәлімет жарияланған жоқ. Иран тарапының мәлімдемесі тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.

Бұған дейін Иран билігі 8 шілдеде АҚШ шабуылдары қайта басталғанына жауап ретінде 12 шілдеде Ормуз бұғазын қайта жапқанын жариялаған еді.

Тегеран Иран белгілеген бағыттан тыс қозғалатын немесе рұқсатсыз өтетін кемелерге соққы жасалатынын ескерткен.

Айта кетейік, бұған дейін 12 қазанда Ормуз бұғазының оңтүстік бөлігінде ірі мұнай танкері минаға соғылып, өртенгені хабарланған болатын. Иран тарапы бұл соңғы екі тәуліктегі үшінші осындай оқиға екенін мәлімдеген.