Мемлекет басшысы бұл туралы Ұлттық балалар апталығына орай ұйымдастырылған «Отан күлкісі» атты фестивалде айтты.
Іс-шара барысында Пезешкиан балаларға бірліктің маңызын түсіндіру үшін бір бума шыбық туралы мысал келтірді. Оның айтуынша, жеке тұрған шыбықты сындыру оңай болғанымен, бір бумаға біріктірілген шыбықтарды сындыру әлдеқайда қиын. Сол сияқты ынтымағы жарасқан қоғам да сыртқы қысымға төтеп бере алады.
– Егер біз біріксек, ешкім бізді жеңе алмайды. Ал әрқайсымыз жеке әрекет етсек, бізді әлсірету оңай болады. Сондықтан бір-бірімізге көмектесіп, әрдайым қолдау көрсетуіміз керек. Сонда ғана барлық салада дамуға қабілетті қуатты Иранды құра аламыз, – деді Масуд Пезешкиан.
Иран президенті күш-жігерді біріктіру тек қоғамдық өмірде ғана емес, ғылым, әлеуметтік қызмет және гуманитарлық ынтымақтастық салаларында да маңызды екенін атап өтті.
Оның пікірінше, елдің болашағы қоғамның барлық өкілінің ортақ мақсат жолында жұмыла әрекет етуіне байланысты.
Президенттің бұл мәлімдемесі отбасын қолдауға және жас ұрпақтың дамуына бағытталған мемлекеттік іс-шаралар аясында жасалды.
Айта кетейік, бұған дейін Масуд Пезешкиан Ирандағы аза тұту рәсіміне қатысқан миллиондаған азаматқа алғыс айтып, халықтың ынтымағы мен ұлттық бірлігінің маңызын атап өткен болатын.