Иран президенті мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері Таяу Шығыстағы шиеленісті азайтуға дайын екенін мәлімдеді

Фото: x.com/@Saudi_Gazette

АСТАНА. KAZINFORM – Екі ел де Таяу Шығыстағы шиеленістердің жалғасуы аясында диалог пен шиеленісті азайтуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Сейсенбі күні Иран президенті Масуд Пезешкиан Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен келіссөз өткізді. Иран президенті кеңсесінің хабарлауынша, Пезешкиан ислам елдерінің бірлігі мен ынтымақтастығы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы екенін айтты.

Иран президенті аймақтық тұрақсыздық екі тарапқа да зиян келтіретінін атап өтіп, қауіпсіздікті бұзуға бағытталған психологиялық және саяси әрекеттердің қаупіне назар аударды. Сонымен қатар Пезешкиан Тегеран бейбітшілік пен шиеленісті төмендетуге бағытталған барлық процесті қолдауға дайын екенін жеткізіп, мұсылман елдерінің қолдауына алғыс білдірді. 

Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман өз кезегінде Иранға қарсы кез келген агрессияға жол бермейтінін және шиеленісті азайтуға басымдық беретінін айтты. Корольдіктің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Мұхаммед бин Салман Эр-Рияд Ислам Республикасының егемендігін құрметтеуге міндеттенетінін және Сауд Арабиясының әуе кеңістігі мен аумағын Иранға қарсы әскери әрекеттер үшін пайдалануға рұқсат бермейтінін растады.

Тақ мұрагері сондай-ақ Иранмен және басқа аймақ елдерімен тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату мақсатында ынтымақтастық жасауға дайын екенін жеткізді.

Бұл келіссөздер Иранның Ислам революциясы гвардия корпусының ескертулерінен кейін өтті. Сейсенбі күні Иранның Әскери-теңіз күштерінің саяси қолбасшысының орынбасары Мохаммад Акбарзаде көршілес мемлекеттердің аумағы, әуе кеңістігі немесе сулары Иранға қарсы шабуыл жасау үшін пайдаланылған жағдайда, оларды жау мемлекет деп танитынын мәлімдеді. 

Сондай-ақ Иран дипломатиясы аймақтағы байланыстарын жалғастырып жатыр. Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Қатар премьер-министрі және сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бин Абдулрахман бин Джасим әл-Танимен телефон арқылы сөйлесті. 

Tasnim агенттігінің хабарлауынша, екі тарап аймақтық тұрақтылықты сақтау және шиеленісті төмендету үшін дипломатиялық әрекеттерді жалғастыру қажеттігін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.

Бұған дейін Ирандағы көші-қонның ауқымды толқынынан қауіптенген Түркия билігі шығыс шекарасында буферлік аймақ құруы мүмкін екенін жазғанбыз.