Иран ядролық бағдарламасын халықаралық құқық аясында жалғастырмақ — Пезешкиан

АСТАНА. KAZINFORM — Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеран ядролық бағдарламасын халықаралық құқыққа сәйкес дамытуды жалғастыратынын және ядролық қару жасауға ұмтылмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС -қа сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: ИРНА

Мемлекет басшысы бұл туралы Тегеранда Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістанның жоғары лауазымды өкілдерімен кездесуде айтты.

Пезешкиан Иранның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қатысушы ел екенін атап өтіп, ядролық қызметін халықаралық құқықта көзделген құқықтары мен міндеттері аясында жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

Президенттің айтуынша, Иран ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану құқығын сақтап қалуға ниетті және халықаралық қауымдастық осы құқықты құрметтейді деп үміттенеді.

Ол сондай-ақ ядролық бағдарламаны қысым көрсетуге, қорқытуға және ядролық нысандарға соққы жасауға сылтау ретінде пайдаланатын тәсілді сынға алды. 

Пезешкиан келіссөз жүргізуге дайындық туралы мәлімдемелер жасалып жатқанымен, Иранға қарсы әскери әрекеттердің жалғасуын сынға алды.

Оның пікірінше, мұндай саясат сенімге нұқсан келтіріп, Иран халқы мен билік өкілдерінің арасындағы сенімсіздікті күшейтеді.

Кездесуге Сауд Арабиясының қорғаныс министрі Халед бен Салман Әл Сауд, Пәкістан қорғаныс күштерінің қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунир және Түркияның Ұлттық барлау ұйымының басшысы Ибрагим Калын қатысты.

Бұған дейін Иран парламенті депутаттарының бір тобы елдің Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығуына қатысты заң жобасын ұсынғаны хабарланған еді. Бұл бастама әскери текетірес пен Тегеранға халықаралық қысымның күшеюі аясында көтерілді.