Иран жоғарғы көшбасшысының кеңесшісі: Ормуз бұғазы ондаған ядролық бомбадан да маңызды

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл мәлімдемелер стратегиялық маңызы бар су жолы төңірегіндегі жағдайдың қайта шиеленіскен тұсында жасалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі .

Фото: ISNA

Иранның жоғарғы көшбасшысы кеңесшісі Мохсен Резаи Ормуз бұғазы Ислам Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқаратынын және оның маңызы ондаған ядролық қаруға ие болудан да жоғары екенін мәлімдеді.

Tasnim агенттігінің хабарлауынша, жоғарғы көшбасшының кеңесшісі Ормуз бұғазын «Иранның стратегиялық тежеу жүйесінің негізгі элементтерінің бірі» деп атады.

Ведомствоның хабарлауынша, жағдай тұрақтанғаннан кейін бұғаз арқылы өтуге қатысты барлық өтініш қаралып, қажетті рұқсаттар белгіленген тәртіппен берілетін болады.

Ал АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) халықаралық су жолы арқылы заңды түрде өтетін барлық кеме үшін Ормуз бұғазы ашық күйінде қалып отырғанын мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп NBC телеарнасына берген сұхбатында америкалық әскерилердің ұстанымын қолдап, Иранның бұғазды жапқаны туралы мәлімдемесіне қарамастан, Ормуз бұғазы коммерциялық кеме қатынасы үшін ашық екенін айтты.

Қазіргі уақытта Тегеран мен Вашингтон жағдайға мүлде қарама-қайшы баға беріп отыр.

Иран бұғаз арқылы өту тек тиісті рұқсат алғаннан кейін ғана мүмкін екенін мәлімдесе, АҚШ халықаралық кеме қатынасы қалыпты режимде жалғасып жатқанын айтуда.

Кеме қатынасына төнген қауіп

Сонымен қатар, коммерциялық кеме қатынасы қауіпсіздігі жөніндегі ақпарат алмасуды үйлестіретін Ұлыбританияның Теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) Ормуз бұғазы ауданындағы кеме қатынасына төнген қауіп деңгейін ең жоғары деңгейде сақтап, оны «елеулі» деп бағалады.

Сонымен бірге ведомство бұғаздың оңтүстік бағыты ашық екенін және екі бағытта да кемелердің қозғалысы үшін кеңейтілгенін хабарлады.

Жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қатар билігі серуендеу кемелері, балық аулау қайықтары мен гидроцикл иелеріне теңіздегі қызметін келесі хабарламаға дейін уақытша тоқтата тұруды ұсынды.

Бұған дейін 12 шілдеге қараған түні АҚШ Иранға осы аптадағы үшінші соққы толқынын жасағанын жариялаған болатын.

Жауап ретінде Иран Парсы шығанағы елдері мен Иорданиядағы америкалық нысандарға соққы жасады.

Сонымен қатар Трамп өзіне Иран қастандық жасаса, тұтас елді жойып жіберетінін мәлімдеді.