Энергетикалық дағдарыс әскери қақтығыс кезінде газ инфрақұрылымының зақымдануынан кейін одан әрі ушыға түсті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.
Иранның мемлекеттік IRNA агенттігі елдің Tavanir электр энергетикалық компаниясына сілтеме жасап хабарлағандай, электр энергиясын шектеу екі күн ішінде екі сағатқа дейін созылуы мүмкін. Ал күн одан әрі суытса, жарық күн сайын екі сағатқа дейін өшірілуі ықтимал.
Компанияның бас директоры Мұхаммед Аллахдад электр энергиясын өшіру ұзақтығы отын қоры мен энергия тұтыну деңгейіне байланысты болатынын түсіндірді.
Тұрғындарға шектеулер туралы алдын ала «Барг-е ман» («Менің электр энергиям») қосымшасы, Bale мессенджері және SMS арқылы хабарланады.
Tavanir мәліметінше, отын тапшылығы жағдайында ұлттық электр энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін тұтынуды шектеу қажет. Аллахдад әскери қақтығыс кезінде Иран электр станцияларының жұмысын қамтамасыз етуге де пайдаланылатын дизель отыны қорының бір бөлігінен айырылғанын айтты.
Электр энергиясын тұтыну жоғары деңгейде сақталса, компания белгіленген нормадан едәуір асып түсетін тұрмыстық, коммерциялық және әкімшілік нысандарға қосымша шектеулер енгізуі мүмкін. Алдағы төрт айда мұндай нысандар бірнеше аптаға электр желісінен ажыратылуы ықтимал.
Электр желісіне заңсыз қосылу, криптовалютаны рұқсатсыз өндіру және электр есептегіштерінің жұмысына араласу үшін айыппұл салынып, электр энергиясы өшіріледі.
Энергетикалық дағдарыс аясында Иран Президенті Масуд Пезешкиан ресурстарды үнемдеудің жеке үлгісін көрсетті. Мемлекеттік телеарна түсірген кадрларда мемлекет басшысы жарығы бәсең кабинетте жылы күрте киіп жұмыс істеп отырғаны, жылу мен жасанды жарықты барынша аз пайдаланғаны көрінеді.