Иран АҚШ-тың теңіздегі шектеулеріне қарсы барлық шараны қолданбақ

АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран мен Вашингтон соғысты тоқтату мен Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта бастау мәселесінде ортақ келісімге келе алмай, бір-біріне ескерту жасауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Исмаил Багаи
Фото: IRNA

Иран АҚШ-тың теңіздегі шектеу шараларына қарсы тұру үшін барлық мүмкіндікті пайдаланбақ. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи 23 қарашада Тегеранда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды IRNA агенттігі.

Дипломаттың сөзінше, Иран экономикалық шектеулер мен теңіз жолдарына тосқауыл қоюды елге қарсы әскери әрекеттердің жалғасы әрі халықаралық құқықты бұзу деп есептейді.

— Біз мұндай әрекеттерге жол бермейміз және АҚШ-тың қысымына қарсы тұру үшін барлық шараны қолданамыз, — деді Исмаил Багаи.

Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі елдің БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес өзін-өзі қорғау шараларын қолдануға құқығы бар екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл жөніндегі шешімді елдің жоғары басшылығы қабылдаған.

— Заңсыз санкциялар мен АҚШ-тың теңіздегі шектеулеріне қарсы саяси, дипломатиялық және қорғаныс шараларының кешені әзірленді. Олар құзырлы органдардың шешімімен жүзеге асырылады, — деді дипломат.

Сонымен қатар Исмаил Багаи Вашингтон өз міндеттемелерін орындаса, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігі қысқа мерзімде қалпына келетінін айтты.

Бұған қоса Тегеран АҚШ санкцияларын алып тастауды, теңіздегі шектеулерді тоқтатуды және маусым айында Исламабад келісімі аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды орындауды талап етіп отыр.

Айта кетейік, бұл мәлімдемелер АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қарсы әскери соққылар қайта жасалуы мүмкін екені туралы кезекті ескертуінен кейін айтылды.

22 қарашада Fox News телеарнасына берген сұхбатында Дональд Трамп екі тарап келісімге келе алмаса, Жаңа жылдан кейін Иранға қарсы жаңа әскери операция басталуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Иран кемелері АҚШ-тың теңіздегі шектеулерінен өтуге әрекеттенсе, Вашингтон қандай жауап қайтарады деген сұраққа Трамп былай деп жауап берді:

— Олар солай істейді деп үміттенемін. Онда олардың кемелері де әскери-теңіз флотының басқа кемелері сияқты теңіз түбіне кетеді, — деді Трамп.

 

Fox News мәліметінше, АҚШ президенті келіссөздердің барысына көңілі толмайтынын білдіріп, дипломатиялық үдерісті созып отырғаны үшін Иранды айыптаған. Бұған дейін Трамп Тегеранмен ұзақ мерзімді келісім жасасуға ниетті екенін айтып, оның басты шарты Иранның ядролық қару жасаудан бас тартуы екенін мәлімдеген еді.

Ал Исмаил Багаи АҚШ президентінің қоқан-лоқысы Иранды ұлттық мүддесін қорғаудан тайдыра алмайтынын атап өтті.

— Иран халқы мұндай қоқан-лоқыларға қарамастан, елінің тұтастығын, өз құқықтары мен ар-намысын қорғаудан бас тартпайтынын көрсетті, — деді Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі.

АҚШ Иран мұнайын теңіз арқылы тасымалдауға алғаш рет 2026 жылғы 13 сәуірде шектеу қойды. Маусым айында Вашингтон мен Тегеран алдын ала келісімге келген соң шектеулер уақытша тоқтатылды. Алайда келіссөздер нәтижесіз аяқталғаннан кейін, 14 шілдеде қайта енгізілген.

Бұған дейін Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казым Гарибабади Тегеран мен Вашингтонның үшінші елдердің арағайындығымен дипломатиялық байланыстарды жалғастырып жатқанын мәлімдеген еді.

Айта кетейік, дипломатиялық байланыстар жалғасып жатқанына қарамастан, тараптар соғысты тоқтату шарттары мен Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын реттеу мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмай отыр.

Сондай-ақ бгған дейін АҚШ Сенаты Иранмен соғысты тоқтату туралы бастаманы қолдамағаны хабарланған болатын.