2026 жылғы 8 қаңтарда Иранның Исфахан қаласында өткен наразылық кезінде төрт полиция қызметкерін өлтіргені үшін сотталған екі адам 3 қараша күні өлім жазасына кесілді. Бұл туралы Иранның Fars агенттігі мәлімдеді.
Иран сот билігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Шахид Алихани алаңында болған. Онда қаруланған бүлікшілер тобы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасаған.
Тергеу материалдарына сәйкес, шабуыл жасаған Әмір Хосейн Мәлеки мен Әмір Хосейн Эбрахими атыс және суық қару, сондай-ақ жанғыш қоспалар қолданған. Оқиға кезінде қарусыз төрт полиция қызметкері қаза тапты. Сондай-ақ ғимараттар мен полиция бөлімшесін қоса алғанда, қоғамдық және жеке нысандар бүлінді.
Тергеу барысында құқық қорғау органдары шабуылға қатысы бар күдіктілердің кім екенін анықтап, бірнеше адамды ұстады. Іс бойынша бейнебақылау камераларының жазбалары, куәлар мен айыпталушылардың жауаптары және басқа да материалдар зерделенді.
Иранның сот билігінің мәліметінше, Мәлеки мен Эбрахими шабуылға тікелей қатысып, оқиға орнында қарумен жүрген. Полицияның хабарлауынша, Эбрахимиді ұстаған кезде одан пышақ, балта және басқа да суық қару түрлері табылған.
Сот екеуін де ұлттық қауіпсіздікке қарсы қылмыс жасағаны үшін, соның ішінде жаппай тәртіпсіздікке және полиция қызметкерлерінің қаза табуына әкеп соққан қарулы әрекеттері үшін кінәлі деп таныды.
Апелляциялық шағымдарды қарағаннан кейін Иранның Жоғарғы соты шығарылған үкімдерді өзгеріссіз қалдырды. 3 қараша күні таңертең сотталған екі адам дарға асылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2026 жылғы қаңтарда Иранның бірнеше қаласында жаппай үкіметке қарсы наразылықтар өтіп, шерушілер мен қауіпсіздік күштері арасында қақтығыс болғанын жазған едік.